БИБОСЫНОВТЫҢ ПӘТЕРІ: ШӨКЕЕВТІҢ ШАЛАЛЫҒЫ, САТЫБАЛДЫНЫҢ САЛҒЫРТТЫҒЫ МА?

Бокстан Сәкен Бибосынов Токио олимпиадасында қанжығасына  қола жүлдені салғаны үшін, Түркістаннан екі бөлмелі пәтердің кілтін сол тұстағы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев табыстағаны әмбеге аян. Алайда, арадан 2 жыл өткенде, күні кеше Олжас Мамыр өзінің «фэйсбуктағы» парақшасына әлі күнге Сәкен Бибосынов пәтердің заңды егесі бола алмай жүргенін, құжат жүзінде боксшының атына рәсімделмегенін жазды. Ол жазбадан ұққанымыз, Сәкенге пәтер жалға берілген. 

Президенттің көлемді сұхбатымен қатар жарияланған Олжас Мамырдың бұл жазбасы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Көпшілік мәселеге қатысты өз пікірін білдіріп жатыр.

«Дене шыныктыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы заңына сәйкес, Олимпиада чемпионы үш бөлмелі, күміс жүлдегер екі бөлмелі, қола жүлдегер бір бөлмелі пәтер алуы тиіс. Сәкенге Түркістан қаласынан бір бөлмелі берілуі керек болған. Сосын ол сол жылы Белградта өткен әлем чемпионатында чемпион атанады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев спортшының қос жетістігін ескеріп, бірден екі бөлмелі пәтер беруге шешім қабылдайды. Бірақ, онысы жалдамалы пәтер болып шыққан»,- деп жазады спорт журналисті Бек Төлеу.

Қызығы сол, Олжас Мамыр өзінің жазбасында облыстың қазіргі әкімі Дархан Сатыбалдыдан спортшыларды қолдау сұрап өтініш білдіреді.

«Құрметті, Дархан аға! Сізден үлкен өтініш. Облыстың спортына назар аударсаңыз. Спортшыларды демеу орнына артты шикі тірліктер жасалып жатыр. Бұл деңгейде кетсек, облыстан чемпиондар қашып кетеді. Париж алтын алады деген үміт Сәкенде көп. Ертең бетіне қарай алмай тұрмайық»,- деп жазды ол.

Бірақ, біз бұл мәселеден облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы бейхабар болды дегенге сене алмаймыз. Себебі,ол облыс әкімі қызметіне кеше келген жоқ. Оның Түркістанды басқарып отырғанына жылдан асты. Осы уақыт аралығында әкім облысты кемі 2 рет аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, өзекті мәселелермен танысып үлгерді. Егер, Дархан Сатыбалды олимпиада жүлдегерінің мәселесінен бейхабар болса, онда жағдай мүлде сорақы. Бұл әкім өңірдің қоғамдық-саяси ахуалын 100 пайыз бағамдай алмай отырғанын білдіреді.

Бұлай дейтін себебіміз, Сәкен өңірдің шалғай ауылында тұратын қатардағы азамат емес. Ол руһани астанамыздың мақтанышы, Токио олимпиадасының жүлдегері, көк туымызды көктен желбіретіп жүрген батырымыз. Тек Түркістанға емес, күллі қазаққа Париж олимпиадасынан алтын алып береді, деп отырған үкілі үмітіміз! Өкінішке орай, ұлттық құрама спортшылары ішінде Сәкен секілді алтыннан үмітті фавориттеріміз санаулы. Бибосынов бүгінде пәтері жайлы емес, бар болмысымен, жүрегімен, тәнімен олимпиада туралы ойлауы тиіс. Өйткені, Париж олимпиадасына аз уақыт қалды. Ал оның пәтер мәселесін әкімдік, қала берді салаға жауаптылар шешуі тиіс еді. Салаға жауапты дегенде біз облыстың спорт басқармасын меңзеп отырғанымыз жоқ. Бірақ, қисынға келмесе де төбеден пәрмен берген болар, осы мәселеде Олжас Мамырдың әл.желідегі жазбасына нақ сол басқарма жауап қатыпты.

«Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! Дұрыс жағынан түсініңіздер. Бұл пәтер арендалық негізде берілген. Алайда демеушілер тарапынан мәселені шешу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Пәтер Сәкен Бибосыновтың меншігіне беріледі»,- деп жазады «фэйсбуктағы» Turkistan Sport парақшасымен.

Хош, дұрыс жағынан түсінейік десек, баспана мәселесінде спорт басқармасының жауап бергенінің өзі дұрыс емес болып тұр. Себебі, аталмыш басқарма спортшылардың жарыстарға дайындығы мен нәтижесіне жауап беруі керек сияқты. Егер атауы спорт және тұрғын үй басқармасы болса, әңгіме бөлек. Білуімізше, басқарма жанында тұрғын үй қоры да жоқ. Демеушілер арқылы дегенді қалай ұғуға болады? Ол недеген батпан құйрық? Бұ жағдай Түркістан облысы әкімдігі аппаратындағы жұмыстың жүйесіздігін аңғартатындай. Олай дейтін себебіміз, мәселені шешумен де құзыретті мамандар айналысып отырған жоқ. Спортқа жауаптылар, баспана мәселесін шешуі үшін демеуші іздеп шапқыласа, спорттағы нәтижелердің қандай боларын бағамдай беріңіз.

 Айтпақшы өткен жылы Қытайда өткен Азия ойындары естеріңізден кетпеген болар?  Түркістан облысы спортшылары  бірде-бір алтынға қол жеткізе алмады.

Әлі де әкімдік мәселеге қатысты арнай баспасөз брифингін өткізіп, жағдайды журналистерге түсіндіруі қажет. Пәтер мәселесін шешуді спорт басқармасына сырып қоя салмай, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өзі араласып шешкені жөн. Иә, пәтерді бұрынғы әкім Өмірзақ Шөкеев табыстаған. Кейіннен тірліктің шикі екені анықталды. Десе де, лауазым иесі ауысқанымен, лауазым ауысқан жоқ қой. Яғни, әкім қызметінен адамдар ауыса береді. Бірақ, ол жұмысқа кері әсер етпеуі тиіс. Тірліктер тынып, мәселелер шешілуі керек. Сәкеннің пәтер мәселесін кешегі кеткен әкімге сырып, жаңа келген әкімге қатысы жоқ (бізге хабарласқан облыс әкімдігі өкілдері солай ойлайды екен) орысшалап айтқанда «моя хата с краю» деп отырған Дархан Сатыбалдыға жарасатын іс емес.  Бұнысы өз ісіне салғырттық болады…

 

 

 

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*