ТҮРКІСТАНДА 5 АЙДА 6 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИГЕРІЛМЕЙ ҚАЛҒАН

Түркістан қаласында жыл басынан бері бюджеттің 6 миллиард теңгесі игерілмей қалған. Бұл жайлы руһани астана тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты.

Алайда, өңір басшысы нақты қай салаға қаралған қаражаттың игерілмегені жөнінде нақтылғана жоқ. Десе де, 6 миллиард теңге дегеніңіз аз ақша емес. Тіпті, салыстырмалы түрде айтсақ, кей аудандарға облыстық бюджеттен берілетін қаражаттан да көп.

Демек, бұл ақшаға биыл құрылысы жоспарланған бірнеше нысанның жұмысы жүрмеген деген сөз. Ол ауыз су, электр энергиясы жүйесін тарту, табиғи газ құбырын құру секілді халыққа аса қажет инфрақұрылым болуы мүмкін.

Қызығы сол, Түркістан облысының әкімі өзге аудандардың да халқымен тұрақты түрде кездесу өткізіп жүр. Бұған дейін бірнеше ауданда есептік жиындар өтті. Алайда, Дархан Амангелдіұлы осыған дейін бірде-бір ауданда игерілмеген қаражат бар деп айтпады. Керісінше, облыс аудандарының қазынадан қосымша қаражатқа мұқтаж екенінің бірнеше рет куәсі болдық.

Ел мақтаған Нұрбол Тұрашбековтың бүгінде жұмысынан жүйесіздік байқалады. Бұған дейін  Түркістанда бақылаудың болмауы салдарынан жиырмаға жуық заңсыз қоқыс алаңы табылғанын жазған болатынбыз. Енді міне, қала әкімі қомақты қаржыны игере алмағаны мәлім болып отыр. Дархан Амангелдіұлы есептік жиындар біткеннен кейін қорытынды жасалып, кадрлық өзгерістер болатынын астарлап айтып жүр. Түркістанға қатысты да дұрыс шешім болар деген үміттеміз.

Ал игерілмей қалған алты миллиардты Нұбол Тұрашбеков қашан алады екен деп, сарымайдай сақтаудың қажеті жоқ. Қаражатқа аса мұқтаж облыстың өзге аудандарына бөліп беріп, екінші жарты жылдықта игерген жөн.

 

 

 

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*