ҚАЛА ӘКІМІ АБАЙ, ЕҢБЕКШІ ЖӘНЕ ТҰРАН АУДАНДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Нұршуақ, Жиделі, Қызылжар, Құрсай, Ақтас шағын аудандарының, сондай-ақ Рысқұлов және Байтұрсынов көшелерінің тұрғындарымен кездесті. Қала тұрғындары көшпелі кездесуде жолдарды асфальттеу, кеңейту, спорт және балалар алаңдарын салу, жер учаскелерін заңдастыруға қатысты өзекті мәселелерді қозғады.
 Кездесу барысында Жиделі шағын ауданы халқы білім, денсаулық сақтау нысандарының, жаяу жүргіншілер өткелінің және шалғай көшелердегі жарықтың жоқтығына шағымданды. Мегаполис басшысы салалық басқармалардың басшылығына балабақша мен мобильді медициналық пункт салу мүмкіндігін мұқият зерделеп, қарастыруды тапсырды.
 Сонымен қатар, Қызылжар шағын ауданында қала әкімі тұрғындармен кәріз жүйесін жүргізу, қоғамдық көлік маршруттарын ұзарту және көшелерді абаттандыру мәселелерін талқылады. Ал Рысқұлов көшесі 1а, Байтұрсынов көшесі 65, Құрмет шағынауданында және Ақтас тұрғын алабында тұратын тұрғындар жасыл желек жайына, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, тротуарлар мен аялдамаларды орналастыру мәселелеріне тоқталды.
 Суару жүйелері, мәдениет үйінің, балабақшаның құрылысы, сондай-ақ электр энергиясымен, сумен үздіксіз қамтамасыз ету жайы да қаралды. Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдаған Ғабит Сыздықбеков тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.
 Бұдан басқа, аудан әкімдеріне жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру және жергілікті маңызы бар көшелерге коммуникациялар жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Қаладағы 17, Қарасу, Текесу шағын аудандарыны мен Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер пысықталды. Аулаларды абаттандыру, қоқыстарды жинау, жер учаскелерін заңдастыру, кәріз жүйелерін жүргізу және көшелерді, саябақтарды жарықтандыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, қала тұрғындары жасыл желектерді суару, суару жүйелерінің жағдайы мен жол жөндеу, саябақтар мен гүлзарларда пандустар орнатуға қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
 Елтай және Тоғыс тұрғын алаптарының халқы жаңа мектеп пен мәдениет үйін, сондай-ақ спорт кешенін салу бойынша өтініштерін білдірді. Қала әкімі орынбасарлары мен сала, аудан басшыларына келесі жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қарастыруды тапсырды.
 Елтай тұрғын алабының азаматтары жаяу жүргіншілер өткелін салу, бейнебақылау камераларын орнату және балабақша қажеттіліктеріне де тоқталды. Ал Айнатас шағын ауданы тұрғындары жаңа мектеп салуды және қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді сұрады. Қала әкімі барлық өтініштер мен ұсыныстарды назарға алып, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*