Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті аралау барысында №65 жалпы орта мектебіне барып, жаңартылатын энергия көздерін қолдану бойынша пилоттық жобаның іске асырылуымен танысты.
Бұл – жаңартылатын энергия көздері орнатылған алғашқы мемлекеттік нысан. Өндірілген электр энергиясының артығы тарату желісіне сатылып, жеткізіліп отырады. Мұндай бастамаларды жүзеге асыру бюджет қаражатын үнемдеуге ғана емес, жасыл энергетиканы дамытуға да айтарлықтай серпін береді.
Сонымен бірге қаланың әкімшілік-іскерлік орталығындағы Қаратау ауданы әкімдігі ғимараты құрылысының барысын тексерді. Нысанды келесі жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс барысын тексерген қала әкімі құрылыс басқарма басшысына жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Шаһар басшысы әуежайдағы жаңа терминал құрылысы мен Абай және Тұран ауданындағы А-2 автожол құрылысын да бақылады. Ондағы қайта құрудың сегізінші және бесінші кезеңдерін тексерді.
“Осы аптада «Бозарық» шағынауданы бағытындағы айналма жолды көлік қозғалысына ашамыз. Аралау барысында құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасына қатысты бірқатар ескертулер айттым. Транспорт және автомобиль жолдары басқарма басшысына және мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді жедел түрде жоюды және айналма жол бойындағы, оның айналасындағы аумақты абаттандыруға назар аударуды тапсырдым»-деді, қала әкімі.
Бұдан бөлек, Тұран ауданы, А-2 айналма жолы бойындағы «Қазығұрт» автостанциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Станция аумағында қалааралық автобустар мен көліктерге арналған автотұрақ салынатын болады.
Осыған орай қала басшысы инвестормен кездесу барысында нысанды халықаралық стандартқа сай салу және іргелес аумақты көгалдандыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Ал жаңа автостанцияның ашылуы көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға, жолаушылар мен жақын маңдағы шағынаудан тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру