
Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның, ата-ананың, мектептің және құқық қорғау органдарының ортақ жауапкершілігі. Әсіресе, көше қозғалысы кезінде балалардың өміріне төнетін қауіптерді болдырмау – баршамыздың басты міндетіміз. Осы бағытта Түркістан қаласы білім бөлімі мен қалалық Полиция басқармасы бірлесіп, жас ұрпақ арасында жолда жүру мәдениетін қалыптастыру мақсатында көптеген маңызды шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі – «Жол қозғалысының жас инспекторлары» республикалық байқауының қалалық кезеңі.
Аталған байқау Түркістан қаласында жоғары деңгейде өтті. Шараны қала білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы мен Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Келдібекұлы ашып, жас қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқаудың басты мақсаты – балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіптілік қасиеттерін қалыптастыру.
Байқау бірнеше кезең бойынша өткізіліп, оқушылар жол ережелері бойынша білімдерін, шеберліктерін және көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс үлгілерін көрсетті. Қорытындысы бойынша С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің «Қауіпсіз бағыт» тобы үздік атанды. Төле би атындағы №19 мектептің «Айбат» тобы ІІ орынды, ал Ататүрік атындағы №17 және Ә.Науаи атындағы №13 мектеп-гимназияларының топтары ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, бірқатар мектептер түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Бұл байқау тек жарыс қана емес, өмірлік маңызы зор тәжірибе алаңы. Себебі жолда жүру мәдениеті бала кезден қалыптасуы керек. Қарапайым ереже – жаяу жүргіншілер өткелінен өту, бағдаршамға бағыну немесе велосипедпен жүру кезіндегі сақтық – баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Алайда, тек мектепте үйрету жеткіліксіз. Ата-аналар да өз балаларына үлгі болып, күнделікті өмірде жолда жүру ережелерін сақтауға дағдыландыруы тиіс.
Қала көшелерінде көлік санының артуы, қозғалыстың тығыздығы – балалар үшін қауіп деңгейін де жоғарылата түседі. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір мұғалім баланың жол қауіпсіздігін басты назарда ұстауы қажет. Баланы тек мектепке жіберу емес, оның аман-сау келуін қамтамасыз ету – ортақ міндет.
«Жеңіс – бір күндік, ал қауіпсіздік – өмір бойғы ұстаным» деген ұран бекер айтылған жоқ. Түркістан қаласының балалары жол қозғалысы ережелерін жетік меңгеріп, тек өздерінің емес, айналасындағылардың да қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараса – бұл болашақтағы қауіпсіз қоғамның кепілі болмақ.
Қорыта айтқанда, балалардың өмірі мен қауіпсіздігі – барлық қоғам мүшесінің күнделікті бақылауында болуы тиіс. Біз оларды қорғап, жолда жүру мәдениетін санасына сіңіре алсақ, тек бүгінгі емес, ертеңгі қауіпсіз қоғамды қалыптастырамыз.
Пікір қалдыру