ЖАСТАР ЖӘНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ: КІТАПХАНАДАҒЫ АДАЛДЫҚ САҒАТЫ

№6 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен кітапхананың әр жастағы оқырмандары арасында «Адалдық – ардың ісі» атты адалдық сағаты өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастар арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру, елге деген жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды нығайту.

Адалдық сағаты барысында оқырмандарға сыбайлас жемқорлықтың түрлері, себеп-салдары, оның қоғамға тигізетін зияны жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Сонымен қатар, еліміздегі жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы заңдар мен құқықтық нормалар, олардың орындалу тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз құқықтарын дұрыс қолдануға мүмкіндік берді.

Кітапханашылар мен оқырмандар арасында ашық пікір алмасу өрбіді. Жасөспірімдер өз ойларын еркін айтып, адалдық пен әділдіктің қоғамдағы орны жайлы пайымдарын ортаға салды. Шараға қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырған бөлім – ақын-жазушылардың адалдық пен әділет туралы қалам тербеген көркем шығармаларынан үзінді оқу болды. Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлердің сөздері мен нақылдары жастарға үлкен ой салды. Әрбір көркем туындыдан түйетін өнегенің терең екені айтылды.

Шара соңында «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты арнайы кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналған танымдық әдебиеттер, заңнамалық құжаттар, эсселер мен әлеуметтік зерттеулер қойылды. Оқырмандар кітаптармен танысып, өздеріне қажетті ақпаратты жазып алды.

Аталған іс-шара кітапхана жұмысын жаңаша қырынан көрсетіп, жастарды кітапханаға тартуға, рухани әрі құқықтық білім алуға мүмкіндік берді. Жасөспірімдер кітапхана қабырғасындағы осындай танымдық кездесулер мен тәрбие сағаттарына ерекше ықыласпен келіп, белсенділік танытуда. Олардың кітап оқуға, өз елінің мәселелеріне бей-жай қарамауға деген ынтасы артып келе жатқаны байқалды.

Кітапхана – тек кітап оқу орны ғана емес, сонымен қатар азаматтық тәрбие мен әлеуметтік сана қалыптастыратын мәдени-ағарту ордасы екені бұл жолы тағы бір мәрте дәлелденді. «Адалдық – ардың ісі» атты адалдық сағаты оқырмандарды адал жолмен жүруге, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға, әділдікке тәрбиелеу жолында маңызды рөл атқарды. Осындай рухани, тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар жастар бойындағы әділдік, жауапкершілік, адалдық сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*