«Таза Қазақстан»: Шымкент тұрғындары қаланың экологиялық келбетін жақсартуға үлес қосуда

Шымкент қаласында дәстүрлі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Қала аумағындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандары түгел қамтылып, мыңдаған тұрғындар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар, коммуналдық қызмет өкілдері мен партия мүшелері тазалық жұмыстарына белсене қатысты. Қатысушылар көшелерді, аулаларды, ирригациялық жүйелерді және қоғамдық аймақтарды қоқыстан тазалап, ағаштарға күтім жасады.

Әл-Фараби ауданында сенбілік өткізу – қалыптасқан игі дәстүр. Бұл жолы жұмыс Сәуле шағын ауданында ұйымдастырылды. Аудан әкім аппаратының бөлім басшысы Берік Жанаевтың айтуынша, жыл басынан бері 50-ге жуық сенбілік өткізілген.

«Тұрғындардың белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Қыс мезгілінде қар тазалау, көктем мен күзде тал егу және қоқыс шығару тұрақты жүргізіледі. Экологиялық мәдениетті арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жалғасуда», – деді ол.

Соңғы айларда аудан аумағында тұрғындардың өтініші негізінде 400-ге жуық ағаш отырғызылған.

Еңбекші ауданында сенбілік Жібек Жолы көшесіндегі №54 көпқабатты үй ауласында өтті. AMANAT партиясы қалалық филиалының өкілдері тұрғындармен бірге тұрмыстық қалдықтарды жинап, ағаштарды әктеп, қураған өсімдіктерді ретке келтірді.

Аудан әкімдігі өкілі Жақсылық Атаев:

«Күнделікті тазалық – туған жерге деген құрметтің көрсеткіші. Әр азамат өз ауласын таза ұстаса, бүкіл қала көркейеді. “Таза бейсенбі” осы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған», – деді.

Жаңа әрі серпінді дамып келе жатқан Тұран ауданында өткен сенбілік ерекше белсенділікпен өтті. Жастар мен ардагерлер бірігіп, жалпы аумақты тазартуға атсалысты.

Аудан әкімдігінің бөлім басшысы Дариха Раманова:

«Басты мақсат – тек тазалау емес, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақыру. Қала тазалығы – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді.

Сенбілік барысында арықтар тазаланып, ағаштар мен бұталарға санитарлық күтім жүргізілді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбекұлы да жастармен бірге еңбек етті.

Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілдері Әл-Фараби ауданында «TazaShym» акциясы аясында тазалық жұмыстарын жүзеге асырды.

Сонымен қатар, қала мектептерінде экологиялық тәрбиеге арналған сынып сағаттары мен дәрістер өтті. №59 мектепте экологиялық бағыттағы ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқушылар табиғатты қорғаудың маңызы, қалдықты сұрыптау мәдениеті туралы жан-жақты ақпарат алды.

«Таза Қазақстан» – экологиялық жобадан бөлек, қоғамның санасы мен өмір салтын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстар мегаполистің экологиялық мәдениетін нығайтып, «таза орта – сапалы өмір» қағидасын қалыптастыруда.

Қала әкімдігі тұрғындарды қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау арқылы шаһардың көркеюіне өз үлестерін қосуға шақырады.

Бүгінгі сенбілік қорытындысы бойынша барлық аудандарда көшелер, аулалар, демалыс орындары ретке келтіріліп, қаланың экологиялық ахуалына оң өзгеріс жасалды. Тазалық шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*