Түлкібастықтар «Өрлеу» бағдарламасына бөлінген қаржыны 100 пайыз игерген

Жыл қорытындысына сай, Түлкібас ауданы «Өрлеу» бағдарламасына бөлінген қаржыны толық игерді. Дей тұра, «Өрлеу» арқылы өз ісін бастауға ниеттілер әлі де бар.

Сұранысқа ие мамандыққа машықтанып, кәсібіңізді дөңгелетуге болады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» осындай мүмкіндіктерге жол ашады. Еңбекке епті түстік азаматтары осылайша жұмыспен қамтылып, табыстарын еселеп отыр.

Сыздықовтар отбасы жылыжай шаруашылығымен айналысады. Жеңілдетілген пайызбен 5 млн. теңгенің несиесін алып, 9 соттық жерге қияр мен қызанақ еккен. Алғашқы жиын-терімнен 15 тонна өнім алды. Қазір жергілікті нарықтан бөлек, Тараз, Қызылорда, Байқоңыр қалаларына да тауар тасымалдауда. Енді өнім көлемін арттырып, 20 мың тонна көкөніс жинаймыз деп, құлшынып отыр.

Кәсіп ашып, ісін ілгерілеткендердің тағы бірі –  Наргиза Исақова. Келіншектің жоғары білімі бар. Психолог. Алайда, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмапты. Қазір бағдарлама аясында ұйымдастырылған үш айлық курсқа қатысып, тігіншілікті игеріп жүр. Қолынан іс келетін ол бұл шаруаны да тез меңгеріп алды. Киім пішіп, оны еппен тігіп жүр. Кескіндемемен де жақсы жұмыс істейді.

Сала мамандары бағдарлама аясында 12 мыңнан аса тұрғынның қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жөнелтілгенін айтады. Қазір 30 шақты орталықта білім алып жатқан болашақ мамандар білген-түйгендерін тәжірибемен ұштастыруда.

Сала басшысы мұндай шараларға көбіне әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындар мен жұмыссыз азаматтар тартылуда, – дейді. Басқармадағы жүйелі жұмыстың арқасында күнгейліктер бағдарлама межесін 90 пайызға орындап отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*