Орта және шағын бизнестің Түркістанды түрлендірер теңгесі жоқ

Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы бизнес өкілдерін Түркістан қаласына шақырып, рухани астананың болашақ даму концепциясымен таныстырған болатын. Ондағы мақсаты кәсіпкерлер де көне шаһардың дамуына қаржы салып, үлес қосса дегені еді.

Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының оңтүстіктегі филиал директоры Асқар Абубакиров түстіктің кәсіпкерлік саласындағы кілең ығай мен сығайды ерте келген. Нақтырақ айтқанда, құрылысшылар, фармацевтер, туристік агенттіктер қауымдастығының басшылары да келелі жиынға қатысты.

Ә, дегеннен өңір басшысының бұл ойын кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Қайнар Абасов бірден қолдай кетті. «Орта және шағын бизнес оңтүстіктің бесігі болып табылады»,- деп бастады ол сөзін. Иә, теория жүзінде кәсіпкерлік расында түстік экономикасының бесігі болуы тиіс. Алайда, ол бүгінде іс жүзінде сондай ма?«Түркістанда жаңа бой көтеретін нысандар орта және шағын бизнестің дамуына зор ықпал етеді»,-деп жалғады сөзін. Сонымен қатар, «мақта жинау ісіне жаңа техника, жаңа өндіріс көздерін тарту арқылы 1 миллиардтан астам инвестиция құйдық. Алда Түркістанда жаңа кәсіпорындардың негізін салсақ деген ойымыз бар. Сіз қойған мақсаттарға біз білек сыбана кірісеміз, бізді негізгі қолдаушыңыз деп танысаңыз болады», — деп ұранды сөздермен өз сөзін түйіндеді. Мұны естіп, «ойпыр-ай, біздегі кәсіпкерлердің қарқыны күшті екен-ау. Оңтүстік кәсіпкерлерінің болашағы зор екен-ау», -деп іштей сүйсінгеніміз рас. Алғашында бұл оймызды Абасовтан кейін сөз алған Асқар Абубакиров та шегелей түскендей болған.«Біз мына «Атамекен» тарапынан Түркістанға талдау жүргіздік. Топтарға бөлдік», — деп әдемі бастап келді де, орыс тілінде шүлдірлеп кетті. Дегенмен мәжіліс залында орыс этносының өкілдері болған жоқ. «Хош! Ауыру қалса да, әдет қалмайдының кебі шығар», — деп арғы сөзіне құлақ түрдік. «Жас компаниялар мұнда дәмханалар салуға, сервистік қызметтер көрсетуге қызығушылық білдіріп отыр. Мұнан бөлек бірнеше ұсыныс бар. Қазір біз оны Ерекеңмен (облыс әкімінің орынбасары) бірге қарап жатырмыз. Жеті жұмыс тобын құрсақ деп отырмыз. Олар осы жобалардың мәселелерін шешуге ықпал етіп отырады», — деп, одан өзге де бірнеше бизнес жобаларды қысқаша таныстырып өтті. Енді ол жобаларды естісең сүйсінесің. Түркістанды ертең-ақ түрлендіріп жіберетіндей әсер қалдырады. Абубакировтың әдемі сөздерінен әкім де, біз де  сондай керемет көңіл күйде отырғанбыз. Кенет, сөз соңындағы  «бірақ» деген сөз бәрін бұзды. Тіпті, көңіл-күйді нөлге түсірді десек те болады. Өйткені, «бірақ, бәрі айналып келгенде біздерде кішкене қаражат көздері тапшы. Ұсыныс бар! «РИЦ Максимум мен Түркістан облысының СПК»-сы арқылы осы жобаларды бөлек қаржыландыру жолын қарастырсақ. Нақты осы Түркістанға депутат ағаларымызбен ақылдасып 1 немесе 1 жарым миллиард қаражат бөлуіміз керек», -дегені. Абубакировтың осы ұсынысына кейінгі Түймебаевтың түрін көрсеңіз…

Яғни, Түркістанды дамытуға үкіметке қол жайып, өңір қазынасына қосымша қаржы сұрап отырған облыс әкімдігі, көне шаһардағы кәсіпкерлікті дамытуға бюджеттен тағы 1 жарым миллиард көлемінде қаражат бөлуі қажет екен де. Мұндайда «сенген сиырым сен болсаң…» деуші ме еді дана халқымыз? Билік, инвестиция арқылы бизнесті сауамыз ба деп еді, бизнесің билікті баладай алдап, кайта өзін саумақ түрі бар. Сонда деймін-ау, кәсіпкерлер Түймебаевтың өз бидайын өзіне қуырып бермек пе? Бұл ұсыныстың әкімге ұнай қоймағанын аңғарған облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, аяқасты сөз сұрады.

«Еліміз тәуелсіздік алғалы 26 жыл болды. Елбасы кәсіпкерлерге осы уақытқа дейін көмек беріп келе жатыр. Жеңілдетілген қаншама кредиттер берді. Біз әр уақытта мемлекеттен сұрап үйреніп қалғанбыз. 26 жыл сұрап келеміз. Енді біздердің де елге, халыққа уақытымыз келді ғой. Сондықтан, қолымыздан келгенше жәрдем етейік. Жаңа облыс құрылып, бюджетте ақша тапшы болып жатқан кезде, жәрдем етуіміз керек. Біздің жиналып отырған басты себебіміз де сол», — деп аяқтады сөзін. Дегенмен, Балабиевтің бұл сөзі кәсіпкерлердің көңіліне қонғанына күмәндіміз…

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*