Ж.Түймебаев: Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берді

Түркістан қаласында өткен «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумының ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі. Ол жиынның маңыздылығына тоқталып, медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты.

«Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Туризмді дамытуда ақпараттық маңызы зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейді деп сенемін. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді Ж.Қансейітұлы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*