Қарақуды көремін десеңіз, Шымкент зообағына барыңыз

Республикамыздың үшінші мегаполисі Шымкент зообағына Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан 4 бас қарақу әкелінген. Зообақ әкімшілігі қарақуларды биылғы жылдың қыркүйек айында жеке кәсіпкерден жұп-жұбымен сатып алыпты. Яғни, олардың екеуі – аталық, екеуі – аналық. Қазір олар өзара жұп құрып, тіршілік етіп жатыр. Айта кету керек, аққудың мұндай түрі Шымкент зообағында бұрын соңды болмаған екен.

Шымкент қалалық зоологиялық бағының ғылым бөлімінің берген мәліметінше, қарақудың қауырсындары мен табаны шымқай қара болады. Тек қанатының астында ғана әдетте байқалмайтын ақ қауырсындары бар. Қарақудың мойны басқа аққулармен салыстырғанда өте ұзын, сондықтан да жем іздегенде су астына мейлінше тереңірек сүңги алады. Ересегінің тұмсығы ашық қызыл түске боялады. Бірақ, бұл оның жұп құруға дайын екенін білдірмейді. Қарақулар 2-2,5 жасынан жыныстық жетіледі. Мұндағы мамандардың айтуынша, балапанын қоректендірумен аталығы да аналығы да қатар айналысады. Әдетте ұясына 6-8 жұмыртқа салады. Балапанын 5 айға дейін қоректендіреді. Тек содан кейін өз бетімен тіршілік етеді.

«Қазақстанда мекендейтін сыбырлақ және сұңқылдақ аққулармен салыстырғанда қарақулар отырықшы құстар. Ұясының орнын ауыстырмайды. Тек жыл сайын кем-кетігін жөндеп, жақсартып отырады. Қандай да бір қауіп төнсе, ұясын басқа жаққа салады. Бірақ бастапқы ұяның орнынан алысқа бармайды. Ұзаса 100 метр қашықта болады. Қазір біздің зообақтағы қарақулар мұндағы жағдайға әбден үйренді. Екі жұп қарақу бір вольерде ақбас қаздармен бірге суға жүзіп, сүңгіп, көршілес мекен етіп жатыр. Алдағы уақытта осы бір ғажап құстар жұмыртқа басып, балапан ашады деп үміттенеміз. Бұлардың жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайды жасаймыз»,дейді зообақтың биолог-экскурсовод маманы Бақыт Оразбаева.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*