Шымкентте ашылатын «Рухани жаңғыру» орталығын Біржан Байтуов басқара ма?

«Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Біржан Байтуов, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұловтың халық алдында берген жылдық есебінде мінберге көтеріліп, Елбасы айтқан  «Рухани жаңғырудың» ең өзегі, негізі біздің даламз бен қаламызда екенін айтты. Өйткені, Елбасы облысымызды бөліп Түркістанды облыс орталығы етіп, Шымкентті өз алдына мегаполисқа айналдырып жаңа тынысын ашып, дамудың дара жолына түсіргенін алға тартты. Осыған орай, қалада «Рухани жаңғыру» орталығын ашуды ұсынды.«Бірақ, «Рухани жаңғыру» аясында жасалып жатқан жұмыстар жүйеге түспей жатқан көрінеді. Онсызда атқарылуы тиіс іс-шаралардың көбісі «Рухани жаңғыру» аясында деген атпен солай ғана атқарылып жатқан сияқты. Енді қала басшылығы мегаполис болып үлкен сенім артып отырған соң, осы «Рухани жаңғыру» деген үлкен бір орталық ашылса. Сол орталықта бүткіл осы руханиятымызды, біздің өнерімізді, дәстүрімізді, қазақылығымызды дамытатын салалар жүйеленіп жұмыс жасаса. Ол бір ішкі саясаттың 1-2 маманы ғана жұмыс жасайтын емес, болмаса әкімдіктің 2-3 кадры ғана жұмыс жасайтын емес, бүткіл халық жұмылып сол елдің игілігіне жұмыс жасалатын нәрсе. Бұл рухани жаңғыру деген, елден бата алатын Елбасыдан алғыс алатын, Алладан сауап алатын үлкен жұмыс қой»,— дейді ақын.

Біржанның бұл ұсынысын есепке қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай қолдай кетіп, аталмыш орталық айдың соңына дейін ашылатынын жеткізді.«Расында Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы нағыз біздің өңірге айтылған.  Иә, көп жерде «Рухани жаңғыру» деп, эмблемасын іліп любой іс-шараны өткізеді. Біз биыл жүйеледік. «Рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру үшін бөлек, үлкен ауқымды іс-шаралар жоспарын түздік. Ол тек күнделікті 500-1000 адам жинап концерт, бірнәрсе өткізу болмайды. Жыл 12 ай жүйелі түрде жүргізілетін шаралар болады. Жастар білім нәрімен сусындап, ұлттық салт-дәстүрмен етене танысатын болады. Ол шаралар Президент әкмшілігімен бекітіледі. Біз Астанада болып, жоспарларымызбен таныстырып  қайттық»,— деді Қайрат Ырзақұлұлы.

Әңгіменің орайы келгенде, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов, ол орталықты басқаруға ақын Біржан Байтуов лайық екенін айтып, ұсыныс жасады. Десе де, бұл ұсынысты Қайрат Нұртай қоштай кетпеді. Сондықтан, қазір аталмыш орталықты нақ кім басқарарын дөп басып айту қиын. Оны уақыттың еншісіне қалдырған жөн шығар!?

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*