Абай мұрасы – рухани азығымыз

Еліміз айтып  келмейтін  ауыр кеселдің алдын алумен хал-қадерінше сақтанып бағуда. Президентіміз бастап, өкіметіміз қоштап қолдан келген сақтық  шаралары жасалуда. Еліміздің  амандығы мен саулығы – ең әуелгі міндет. Осының қамымен Қазақстан ауқымы мен жергілікті жерлердің бәрінде әуелі Алла жар болып, одан соң дәрігерлер қауымы күн-түн демей адами, кәсіби міндеттерін жанкештікпен адал атқаруда. Адамзаттың ақиқатын айта алған Абайымыздан барлық дерлік дертіміздің дауасын тауып, игілік пен жақсылық жолындағы әрекетімізге де қарқын қосар қуат аламыз. Бүгінгідей басымызға күн туған сын сәтте еліміз сабырлы болуға тиіс, сақтық қамын жасап ақылды болғаны жөн. Абай сөзін еске алайық: «Жамандықты кім көрмейді. Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің! Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді!» Өте ақиқат ой. Жақын күнде табиғаттың да жазы, адамның да жақсы, жайлы, жаймашуақ күндері туады деп сенеміз. Әуелі Алла деген асыл ақиқат қашанда жадымызда, жүрегімізде. Адам баласына Алла Тағала өз болмысынан бастау алған ақыл-ойы, жан-жүрегі – рухын берген. Бұл – мақтан етер жерлесіміз  әл-Фараби мойындаған ақиқат.

Бүгінгідей күнде қуанатын, жұбанатын, марқаятын да жағдайымыз бар. Әлеуметтік желілерде Абай өлеңдерінің жатқа айтылуы ерекше артып тұр. Аз уақыттың ішінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің екі мыңнаң аса студенттері ақын өлеңдерін ел жадына жеткізіп үлгерді. Абай мұрасы – адамшылық пен ақиқаттың мектебі, ақыл-ойдың кеніші. Абайды «қазақтың бас ақыны» санап, сонау жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ Ахмет Байтұрсынов «Абайды қазақ баласы тегіс білуі керек» деп жазған еді. Әлихан  Бөкейханов ақынды «асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды» деп ағынан жарылған еді. Ақынның немере інісі Кәкітай Ысқақұлы «Абайдың нәсихатын көп тыңдап, қасында болған жігіттер өзгелерден бір түрлі медреседен  оқыған ғылым жолындағы кісі сықылды әр нәрсенің жөнін біліп, жаман-жақсыны көп айырып, надандықтан шығып қалушы еді» деп, Абай сөзі, Абай ойы – адамшылықтың мектебіндей болғанын ең алғаш айтып еді. Абай туған еліне бүгін де ақылшы болып тағылым-тәрбиесін танытып келеді.

Абайтану пәні Қазақ Мемлекеттік университеті қазақ филологиясы студенттеріне 1942 жылы ең алғаш М.Әуезов тарапынан арнайы курс ретінде өтіле бастаған. Сол игі дәстүрдің жаңа кезеңдегі жалғастық табуының көрінісі ретінде 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, университеттегі барлық мамандықтардың бірінші курс студенттеріне «Абайтану» пәні бүгінге дейін өтіліп келеді. Осы бастама руханиятқа басымдық берген жаңашыл ректорымыз Д.Қожамжарованың байыпты шешімімен ОҚМУ қабырғасында да жалғастық тауып, 2018 жылдан бастап университеттегі барлық мамандық студенттері «Абайтану» сабағы арқылы ақын Абайдың ойшылдық, хакімдік болмысымен танысып, ақиқат пен адамгершілік өнегесін меңгеруде. Абай дүниетанымы мен оның өзіндік толық адам ілімін танып білу, оны ел игілігіне айналдыру – қазақ руханияты мен ғылымының кезек күттірмейтін зор міндеті. Осы міндеттің орындалуымен қоғам келбеті көркейіп, мемлекет мәртебесі де арта түспек.

Абайдың әрбір өлеңінде ғаламат шындық пен ақиқат, түпсіз терең ақыл-ой бар. Мен соның тек біреуі жөнінде ғана өз ойымды айтып көрейін. Оның үстіне мен сөз еткелі отырған өлең бір оқығанда қарапайым көрінеді әрі бұл өлең зерттеушілер назарынан көбіне тыс қалып жүреді. Мүмкін «Базарға қарап, тұрсам, әркім барар» деген атына қарай елеусіздеу де көрінер. Ал өз басым Абайдың бұл өлеңін аса маңызды туынды санаймын. Жұмбақ дүниетанымын жете тани алмай жүрген біздерге ақын ең әуелі осы өлеңімен үн қататындай көрінеді. Ойларының күрделі, тым терең екенін ақынның өзі де білген, сезген сыңайлы. Бұл өлеңінде Абай тыңдаушыларына ең әуелі кәдімді базар жайын суреттей танытып береді. Әйтсе де түпкі ойы базар жайын таныту емес. Сонда бар-жоғы он алты жолдан тұратын қысқа ғана өлеңінің алты тармағында несіне базар жайын тәптіштеп танытты дейсіз ғой? Мұнысын тыңдаушысы түсінбей қаларын сезіп, өзі де: «Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар, бағасын пайым қылмай аң-таң қалар» деп артынша ескертеді. Ақынның үлкен қайғысы – толғатып тапқан ойларының тыңдаушысына жетпеуі, олардың ақын ойын қабылдамауы, өрелері жетіп ұқпауы я қасақана тыңдамай қарсылық көрсетуі. Осыны алдын-ала сезген, білген ақын ақындық жолының басында-ақ тыңдаушысына осы өлеңімен тіл қатып, қиналысы мен қынжылысын танытқан. Есіл ойлары далаға кететіндей көріп, өзін қоршаған қауымын  «Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» деп қынжыла сипаттайды. Мәселе – бұл өлеңнің «Базарға қарап, тұрсам, әркім барар» деп аталып, осы қысқа ғана өлеңнің үштен бір көлемінде базар жайының шындық қалпымен егжей-тегжейлі суреттелуінде. Сөйтсек мұның сыры бар екен. Абайдай ақылды, ойшыл ақынның базар жайын жайдан-жай айта салуы мүмкін емес. Абайдың адамдарға онсыз да таныс базар жайын тәптіштеп танытқан себебі – ол өзінің халі мен түпкі ойын сол базар арқылы білдірмек болған. Базарда сатушы бар, алушы бар және олардың сатып-алатын заты, тауары бар. Абай өзін сол базардағы сатушыға ұқсатады, тауар, заты – ақылы, ойы, өлеңі. Өкінішке орай, оның затын, ақылын, өлеңін қажет етіп сұраушы, «сатып» алушы жоқ. «Сатып» алар қауымы, тыңдаушылары «ит маржанды не қылсын» деген сөз бар» дегендей халде болып тұр. Кәдімгі базардағы сатып алушыға ұқсас тыңдаушыларында ақын ақылын тыңдап, өлеңінен өнеге  алайын деген ынта-ықылас жоқ, ақын соған күйінеді. Сөйтсе де ақын үмітсіз емес, «жазған соң, жерде қалмас тесік моншақ, біреуден біреу алып, елге тарар» деп өз-өзін жұбатады, «сәулесі бар жігіттер бір ойланар» деумен өзін ұғар, сөзін түсінер ойлы қауымнан үміт етеді.

Бүгінгі көпшілік қауымның, әсіресе студент қауымның ақын өлеңдерін оқып, ұғып-біліп, насихаттап жатуы – Абай үмітінің ақталғаны. Ақыл-ой, рухымызға азық берген Абай ақынға зор алғыс. Ұрпақтарына таным мен тағылым сыйлаған Абай ойларының ғұмыры ұзақ болғай.

Әліпхан Мақсат, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Абайтану ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. доцент.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*