Мақтааралдықтар «Ақ алтынды аялаған аймақ» әдеби-сазды кешін «Отырар» кітапханасы оқырмандарының назарына ұсынды

«Аудандар көші — кітапханада» байқауы аясында «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына орайласқан іс-шаралар лек-легімен өтіп жатыр. Бүгін кезекті іс-шараның ұйытқысы болған Мақтарал ауданының «Ақ алтынды аялаған аймақ» әдеби-сазды кеші көпшілік көзайымына айналды. Іс-шараның мақсаты — Мақтарал ауданының тарихын, мәдениетін, өнерін таныстыру арқылы өскелең ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру болатын.

Тағылымы мол іс-шара барысында фотокөрме кітап және қолөнер көрмелері оқырмандар көңіліне қонымды дүниелер сыйлады. Әсіресе, ауданнан шыққан жазушы- ақын Мылтықбай Ерімбетовтың кітап көрмесінде оқырмандар шығармашылыққа қатысты қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алысты. Ақ алтынның Отанына айналған аймақ жұртшылығы өнерден құры алақан еместігін аңғартып, көрермендер көңілін ән мен биге бөледі.

Рухани жәдігерлер орта¬лығына айналған «Отырар» кітап¬ханасында өткен іс-шара кітап¬құмар қауымға өңір тарихынан мол мағлұматтар бергені белгілі. Мақтаралдықтардың өнеріне тәнті болып, тарихынан сусындаған қауым ризашылықпен тарады. Сонымен қатар, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Мақтарал аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлеріне ілтипат көрсетілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*