Елбасы оңтүстіктің халқы еңбекқор екенін ерекше атап өтті

Қазақстан Президенті халықты, соның ішінде жастарды жұмыспен қамтуды жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Беделді жоғары оқу орнын бітіру әрдайым маңызды бола бермейді. Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50%-на сұраныс болмайды. Сондықтан уақыт талабына сай болу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Қазақстан Президенті тұрғындарды еңбек ресурсы көп өңірден жұмыс күші жетіспейтін өңірге көшіру жөніндегі бағдарлама бар екенін еске салды.

– Бағдарлама сіздердің де облыстарыңызда қолданылады. Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту және оны қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті облыста құрылыс, фармацевтика және көлік-логистика кластерлері қалыптасып, жеңіл өнеркәсіп саласындағы  кәсіпорындар дамып келе жатқанын атап өтті.

– Өңірдің ерекшелігін ескеріп, Үшінші жаңғыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ісін, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық өндірістерін дамыту қажет. Жаңа өсім нүктелерін – тірек жобаларды алдымен облыс орталығында дамыту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*