Батырдың сүйегіне туған жердің топырағы бұйырды

Сұрапыл соғыс қаншама қандастарды қыршыннан қиып, азапқа салғаны белгілі. Осынау нәубетті көзбен көріп, көңілге тоқып жүрген ұрпақ Отан үшін опа кешкен батырлардың ерлігіне тағзым ету қалпынан таймай келеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлікпен қаза тапқан Оңтүстіктің тумасы Пірәлі Ахмамбековтың сүйегі Мәскеу жерінен елге әкелініп, жерлеу рәсімі өтті.


Ең алдымен қапыда қаза тапқан белгісіз батыр жайлы мәлімет «Айғақ» телеарнасына келіп түскен еді. Мұнан соң, облыс әкімі Жансейіт Қансейіт ұлының қолдауымен телеарна журналистері шұғыл түрде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде Ресей жерінен сүйегі табылған жауынгер Пірәлі Ахмамбековтың Сайрам ауданынан туыстары табылып, оларға хабар жеткізілген-ді. Аталмыш ақпарат бойынша республикалық, облыстық БАҚ өкілдері мақалалар жариялады. Осыған орай, арнайы делегация Мәскеу қаласының Курск облысы, Поныри ауданына аттанды. Поныри ауданының батыр сүйегін табыстау қаралы митингісінде осы жердің атқарушы органдары сонымен қатар, Оңтүстіктің бұрыңғы Қызылқұм ауданы (қазіргі Шардара ауданы) соғысқа аттанып, қапыда көз жұмған аға сержант И.Кабановтың медальоның митинг-реквием барысында қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табыстады. «Абай» саябағындағы «Даңқ» мемориалында Мәскеуден жеткізілген батыр сүйегін жерлеу рәсімі болып өтті.

Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлеген, «Отан үшін от кешкен азаматқа қаншама жылдар мен ғасыр өтсе де, халық тарапынан құрметтің көбеймесе азаймайтыны көрсетсе керек. Сондықтан да бүгінгі шараның жастарға беретін отансүйгіштікте орны бар екені сөзсіз. Сүйегі елге жеткізіліп отырған ағамыздың жаны жәннатта, топырағы торқа болсын. Аталмыш іс-шарада атсалысып, белсенділік танытып жүрген облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш ағамызға облыс әкімдігі атынан алғысымызды білдіреміз. Осындай іс-шаралар арқылы жастарымызды елдің жанашыры, патриоты ретінде тәрбиелейміз деген сенімдеміз» деді.


Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, П.Ахмамбековтың жақын туысы М. Ұзақов, облыстық мәслихаттың депутаты Д.Әбіш соғыс даласында Отан үшін от кешкен батырдың ерлігі жайлы пікірлерін жеткізді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*