Күнгейлік кәсіпкер бизнес бастаймын деушілерге ауыл шаруашылығына бет бұруды ұсынады

Ахметов Алымжан Абсаттарұлы, 36 жаста. Ауыл шаруашылығы саласындағы ірі өндіріс компанияларының бірі – «Қазына жер» ЖШС-нің директоры. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Көксарай аулының тумасы. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алған. Еңбек жолын «Ордабасы» корпорациясында заңгер көмекшісі ретінде бастаған.

Жалпы, жігіт ағасының бизнес жүргізуде тәжірибесі мол. Оның  бизнестегі бастау баспалдақтары, басқару әдісі ынталы азаматтарға бағыт-бағдар болары сөзсіз.

Әрбір кәсіпкер бизнес бастамас бұрын, әдетте таңдаған кәсіп бағытының нарықтағы ахуалын зерттейді. Ал Ғалымжан Абсаттарұлы ауыл шаруашылығының қыр-сырына бала кезінен қанық болып өскен. Себебі әкесі – шаруа адамы. Алайда, бизнеске келгенше, түрлі салада қызмет атқарған. Қоғамға «кірпіш болып қалану» үшін өз тетігін іздеді деуге болады. Жеткен жетістігіне қанағаттанып, «болдым, толдым» деуден алыс. Қызметте директор лауазымына дейін жеткен.  Ал бизнеске алғашқы аяқ алысы – тендер  болды.

Алымжан Ахметов: «Заңгер болып кеңседе отыра алмадым. Жас болған соң, амбиция болды. Бизнеске қарымым жететініне сенімді болдым. Оның үстіне, бизнес дамып, көпшілік тендерге бет бұрған кез еді. Мен де қызықтым, бағымды сынап көргім келді. Жол көрсететін ағаларым да болды. Ал ауыл шаруашылығы саласын таңдауыма әкем себепкер. Ол кісі қалада тұрса да, жазда ауылға барып, егінмен айналысты, мал да асырады. 2010-2011 жылдары ауыл шаруашылығы үшін қолайлы жылдар болды. Әкеммен ақылдасып, ауыл шаруашылығына бет бұруға бел шештік. Осы салада бір жыл бойы бизнес ашуға қамдандық, түбегейлі зерттедік десек те болады. Астанаға, шетелге көрмелерге бардық. Нәтижесінде сүт өнімдерінің фирмасын аштық. Соңынан қосымша көкөніс өсіре бастадық».

Алымжан мырза алдымен «нишаны» сауатты зерттеу қажеттілігін алға тартады. Бұл – бастапқы қағида болса керек-ті. Бизнес бастаймын деушілерге ауыл шаруашылығына бет бұруды ұсынады. Себебі-келешегі зор. Әзірге елімізде атаулы саланың дамуы өте сылбыр екені қынжылтады. Ғалымжан мырзаның өзі бірқатар азаматтың ауыл шаруашылығы саласында бизнес бастауына ықпал етіп үлгеріпті. Олардың да қазір тірлігі табысты.

Алымжан Ахметов: «Қазір түрлі салалар арасында ауыл шаруашылығы бизнес бастауға актуалды сала деуге болады. Еуропа елдерін алсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерімен өздерін 70 пайыздан 100 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Ал бізде бұл 20-30 пайыздан аспайды. Қанша жұмыс орнын ашуға болады. Қарапайым мысал, елімізде өндірілетін сүт 22-25 пайызды құрайды, қалғаны сырттан әкелінеді. Жүгері де бізде тек 20 пайызға өндіріледі. Көршілеріміз – халқы көп үлкен державалар. Оларда ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. Қытайдың жүгеріге сұранысы жылына 38 млн тоннаны құрайды. Ал біздің елде жылына 400мың тонна ғана өндіреді. Сондықтан Қытай алыс Америкадан алдырады. Сосын ауыл шаруашылығының қай саласын алып қарасаңыз да, маман жетіспейді. Біз мамандарды шетелден алдырамыз. Дәл қазірдің өзінде Молдова, Украинадан арнайы мамандар алдырдық. Олар біздің жас мамандарды үйретіп жатыр».

Жоғарыда аталғандай, Алымжан Абсаттарұлы бұл кәсіпті әкесімен бастаған. Ал жоғарғы оқу орнын жаңа тәмамдап, бизнеске кіріскен жастарға оңай соқпайтынын алға тартады. Жас кәсіпкерлер алдына ақыл сұрап келетінін айтады.

 

 

«Жас кезде мүмкіншілік аздау болады, әрине. Өйткені таныс-білістік те рөл ойнайды. Соған қарамастан, бизнес бастаушы жастар қазір көп. Өткенде ғана сондай бір топ жастар өзімді аға тұтып, ақылымды сұрап шақырды. Көбісінің қабілет-қарымы бары көрініп-ақ тұр. Озық оқу орындарында жоғары білім алған. Сондықтан мен оларға сенемін. Жоғары біліктілік алдымен білімге байланысты. Бастысы, тәжірбиемен ұштастыра отырып, білімді арттыра беру керек», дейді Алымжан.

Ірі бизнесті басқарып отырған іскер азаматтың алдына қойған мақсатары көп. Оларды іске асыру үшін өзі де әрдайым білімін толықтырып отырға талпынады.

«Шынымды айтсам, білім алуға тек отыздан асқанда ден қоя бастадым. Бизнес жүргізу, жоспарлау, стратегиясы жөніндегі әдебиеттерге бет бұрдым. Бизнес әдебиеттерді жай оқымай, бизнес жүргізу барысында оқысаңыз, міндетті түрде нәтиже болады. Оқыған кітаптарым көп нәрсеге жол ашты. Оған қоса, Халықаралық бизнес академиясының осындағы филиалында оқыдым. Ондағы оқытушылардан көп нәрсе үйрендім. Олар – тек практиктер».

Сонымен қатар, Алымжан Абсаттарұлының айтуынша, кәсіптің ілгерілеушілігі біліктілігі жоғары мамандарға тікелей байланысты. Сондықтан қызметкерлерді жұмысқа қабылдарда, потенциалы бар мамандарды тани білу керектігін айтады. Алымжан мырза кадрларға да инвестиция жасауды маңызды қадам санайды.

«Ауыл шаруашылығындағы жұмысшыларды алсақ, шетелден маман алып жарты жыл оқытамыз. Бұл да бір капитал және міндетті түрде ақталады. Себебі бұл – сіздің бизнесіңіздің сапасы деуге болады. Сондықтан қызметкерлеріңіздің біліміне салым жасаудан қорықпаңыз дер едім Ұжым ішінде есеп, бақылау, тәртіп болу керек. Бұлар болмаса, дағдарысқа әкеп соғады. Алдымен, ішкі жұмыс барысын реттеу керек. Қол астыңызда 3-4 адам болса, білінбейді, өсе келе, басқару жүйелі түрде жүргізілу керек. Әр жұмысшы өзіне берілген тапсырманы орындамаса, бір адамның ісі бүкіл компанияға нұқсан келтіреді».

авторы: Гүлнұр Асқарбекқызы

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*