Ж.Түймебаев: Жобалау-сметалық құжаттаманы əзірлеуде шетелдік тəжірибені қолдану қажет

Шымкент қаласы еліміздегі үшінші мегаполиске айналуы үшін сәулетті құрылыс пен инфрақұрылымдық жарақтандырылуы әлемдегі өркениетті қалаларға тән дамуы тиіс. Бұл ретте қалаға кіреберіс қақпалар мен жолайрықтарды, айналма және ішкі орам жолдардың сапалы жасалуына аса мән берген жөн.  Сондай-ақ құрылыстың басталуын тым ұзартып жіберетін жобалау-сметалық құжаттамалар заманауи үлгіде әзірленуі керек. Бүгін бұл туралы Шымкент қаласындағы  құрылыс нысандарының барысы талқыланған жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.Биыл Шымкент қаласында 20 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 15 мектеп, 2 спорт,  2 мәдениет, 1 абаттандыру нысандары бар. Аталған 20 нысанның 11-і жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылатын болады. Ал қалған 9 нысанның құрылысы 2018 жылға өтпелі.Бұдан бөлек, қалада жалпы аумағы 151 мың 228 шаршы метрді құрайтын 42 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 26-сы коммуналдық, 16-сы кредиттік тұрғын үй саналады. Соның 30 тұрғын үйі жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Қалған 16 үйдің біту кезеңі   2018 жылға өтпелі.«Биылғы жылы Шымкент қаласында 10 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жалғасуда. Бүгінгі күнге 2 нысан пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 1 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Ал қалған 7 нысанның құрылысы 2018 жылы пайдалануға берілетін болады» , — деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*