ОҚО әкімі жарты ғасырлық мектеп тарихымен танысты

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жарты ғасырдан астам тарихы бар, үш тілде оқытатын мамандандырылған Шымкент қаласындағы №12 мектеп-интернатында болды.
Онда әкім кеңес дәуірінің Социалистік еңбек ері, мектептің алғашқы директоры Маржан Тасованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, білім ордасының мұражайымен, балалардың жасаған қолөнер бұйымдарын және кітапхана жұмысымен танысты.Сонымен қатар, аймақ басшысы ардагер ұстаздармен кездесіп, қазан айының бірінші жексенбісі өткен «Мұғалімдер күнімен» құттықтады.
«Бүгінгі мерекелік кездесуге осы білім ұйымында балаларға білім мен тәрбие беруде жоғары көрсеткіштерге ие болып, зейнетке шыққан ардагер ұстаздарымыз қатысуда. Сіздер білім нәрімен сусындатқан, осы мектептен түлеп ұшқан қаншама жастар бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Осы мектеп қабырғасында мыңдаған шәкірттерге тәлім берген, ардагер ұстаздарымыздың еңбек жолы — әрдайым шәкірттер үшін өшпес өнеге. Білім ұйымының әрбір жетістігі — ұстаздар ұжымы мен оқушылардың бірлесе атқарған қажырлы еңбегінің жемісі»,-деді әкім.
1961 жылы ашылған мектепте академик Тынысбек Қалменов, Аманбек Ақаев, Абу Меңлібаев және профессор Жансейіт Түймебаев сынды белгілі білім және ғылым майталмандары білім алған.
Осы мектеп қабырғасында мыңдаған шәкірттерден бөлек, облыс әкімі Ж.Түймебаевта білім алған. Бүгін әкім математика пәнінен сабақ берген, әрі сынып жетекшісі Сара Қабылбекова мен тәрбиеші апайы Нұржамал Қалауоваға және химия пәнінің мұғалімі Мүкенова Сайлаукүл мен география пәнінің мұғалімі Жансейітова Дариға апайларын мерекемен құттықтап, сый-сияпат тарту етті.
Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында 485 оқушы білім алуда. Оның ішінде үздік оқушылар саны – 122, халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары – 41. Оларға жоғары санатты білікті 56 ұстаз және 33 тәрбиеші білім беруде.
Биылғы осы мектептің бітіруші түлектері Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысымен орташа 100 балл жинаса, ал мектептің түлегі Пернеқұлова Айна 137 балл жинап, Республикада алдыңғы шепке шығып ұстаздарын қуантты.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*