Отырарда жылу маусымына дайындық мәселесі талқыланды

Отырарда аудан әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиынның күн тәртібінде қысқы жылу беру маусымына дайындығы мен халықтың көмірмен қамтамасыз етілу барысы, орталық көшелердің абаттандыру жұмыстары мен күзгі жиын-терім, сондай-ақ құқықбұзушылар, түнгі және күндізгі патрулдік полиция қызметінің жұмыс барысы туралы мәселелер қаралды. Жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына жүктелген міндеттемелер мен тапсырмалардың орындалу барысын сұраған аудан басшысы жұмыстарды әлі де жандандыру керектігін айтып, оны тиісті сала орынбасарлары өз бақылауларына алуды тапсырды.
Мұнан бөлек аудан басшысы өткен жиындарда аудандық туберкулезге қарсы диспансерлік бөлімі ғимаратының қосымша қазандығын іске қосуды тиісті сала басшыларына тапсырған болатын. Осы жұмыстардың орындалу барысын қадағалауды Шәуілдір ауыл округі әкіміне жүктеді.
-Сондай-ақ қысқы маусымда әр ауыл округтеріндегі аз қамтылған отбасыларға қалыптасқан қағида бойынша демеушілердің көмегімен қатты отынмен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қажет. Осы жұмыстарды әр ауыл округтерінің әкімдері өз бақылауларына алып, тұрғындар арасында қысқа ертерек қамдану керек екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілсін,-деді аудан басшысы.
Көмір бағасы өндірушілер тарапынан жоғары болып келуде. Осыны ескерген аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы өткен апталық мәжілісте көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен жүздесіп, келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде көмір тасымалдаушы кәсіпкер 60 тонна көмірді ауданда арнайы құрылған әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия анықтаған аз қамтылған мұқтаж отбасыларға тегін беруді өз міндетіне алды. Жиын барысында аудан басшысы осы келісілген жұмыстарды ұйымдастыруды әр ауыл округтерінің әкімдеріне тапсырды.
Жиында аудан орталығын жаяу аралау барысында орын алған құқықбұзушылықтар туралы айтқан аудан басшысы жергілікті полиция қызметінің басшысы Медет Бөрібековке мұндай оқиғалардың жиі кездесетінін айтып, полиция жұмысын ширату керектігін ескертті.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*