ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ МҰҒАЛІМНІҢ ҚОЛЫНДА

Егеменді елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, мектептің жүрегі – мұғалім. Ұстазын ұлықтаған отырарлықтар бүгін ауданымызда мұғалімдердің кәсіби мерекесін атап өтті. «Ұстаз – ұлы тұлға» тақырыбымен өткен мерекелік шараға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, кәсіби мереке иелеріне деген ыстық ықыласқа толы лебізін білдірді. Құттықтау сөзінде аудан басшысы: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Егемен еліміздің алдында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін біршама міндеттер алға қойып, «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген сөзін айта келе, жаһандану дәуірінде әлемдік көштің алдыңғы қатарынан көріну, дамыған елдермен иық тірестіре білім мен тәрбиені дамытуға барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет»,-деді. Сонымен қатар, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу Сіздердің қолдарыңызда деген аудан әкімі ұрпақ тәрбиесінде еселі еңбек етіп жүрген бір топ ұстаздар қауымын облыс және аудан әкімдерінің, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен және ОҚО білім қызметкерлері кәсіподағының төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ, байырғы ұстаз, Абай атындағы мектептің директоры қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан Айман Момбекке ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісі табысталды.Жаз мезгілінде мектеп оқушыларының Астана қаласындағы «ЕХРО-2017» мамандандырылған көрмесін тамашалауға аттанар сәтінде аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы балаларға сапар барысындағы әсерлері жөнінде шығарма жазуды ұсынып, үздік шығарма иесі марапатталатындығын жеткізген. Бүгінгі шара барысында аталмыш шығармашылық сайыста үздік деп танылған М.Әуезов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Қазына Бакира І орынға ие болса, Жамбыл атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Аружан Асан ІІ орын, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Алтын Мұсабай ІІІ орын иегерлері атанып, аудан әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.
Әлемдегі ең ізгі мамандық иелерінің құрметіне арналған шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*