ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНА ШЫМКЕНТТІҢ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ҚАТЫСТЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік ассамблеялар жанындағы журналистер клубы мүшелерінің көшпелі отырысы жалғасуда. Мақсат — көпұлтты елімізде халық бірлігінің сақталуында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыру.
Осы орайда Алматы қаласында өтіп жатқан жиынға Шымкент қаласынан қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы, журналист Талғат Балтабаев, клуб мүшелері журналистер Әсет Әссанди, Ардақ Жақсылықова қатысуда.
Шыны керек, бүгінде фейк мәліметтер тез тарап, қоғамда үлкен толқулар тудыруда. Мұндай қауіп-қатердің алдын алуда журналистер қоғамдық санаға әсер ететін күшке, кәсіби дағдыға ие болуы керек. Бүгінгі толқынның ізін басып келе жатқан келесі буынға жоғары деңгейде білім мен біліктілік берілуі қажет.
Көшпелі отырыста Т.Балтабаев: «Біз геосаяси жағдай тым күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да біз ұлтаралық мәселелерге өте ұқыпты қарап, терең талдау жасауымыз тиіс. Мұндай форматтағы отырыс тек Астана, Алматыда ғана емес, Павлодар, Петропавл, Шымкент сияқты өзге аймақтарда да өтсе нұр үстіне нұр болар еді» деген ұсынысын жеткізді.

Клуб — толеранттылықты, ұлтаралық, қоғамдық келісімді және азаматтық бірлікті сақтаудағы БАҚ-тың күш-жігерін біріктіруге көмектесетін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-сараптамалық алаң.

Клуб құрамына этносаралық қатынастар мәселелерін насихаттайтын республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының (жетекшілері, бас редакторлары, тілшілері) 25 журналисі кіреді.

Клуб мемлекеттік ұлттық саясатты жетілдіру, ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бойынша ұсыныстар дайындайды; ұлтаралық тақырыптарды дұрыс жеткізу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына ұсыныстар әзірлейді.

Жылына бір рет Журналистер клубының кеңейтілген отырысы ұйымдастырылып, жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, қажет болған жағдайда клубтың жаңа төрағасы сайланады. Сондай-ақ, отырыста қатысушылар медиа – БАҚ, әлеуметтік желі, медиа мектеп сияқты салалардағы өздерінің сәтті жобаларын таныстырып, ашық алаң форматында тілшілер бір-бірімен пікір, тәжірибе алмаса алады.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*