2025 жылғы 11 қараша күні Шымкент қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері қызметтік міндеттерін атқару барысында тағы бір заң бұзушылықтың алдын алды. Сағат 14:00 шамасында №55 ҚАЖ мекемесінің техникаларды бақылау-өткізу пунктінде кезекшілікте тұрған ұландық әскерилер күдік тудырған «КамАЗ» жүк көлігін тексеру кезінде тыйым салынған заттарды анықтады.
Қызмет атқарған бөлімше құрамында бөлімше бастығы, 3-сыныпты сержант Сұлтан Турдалиев, аға маман-нұсқаушы ефрейтор Әнуар Шынболат, қатардағы жауынгерлер Әди-Сұлтан Төленберген және Әділет Нұрланұлы болған. Олар жүк көлігін тексеру барысында цемент салынған қаптардың бірінде жасырылған заттарды байқап, дереу тексеруге кіріскен.
Нәтижесінде 10 ұялы телефон, 11 SIM-карта және 3 телефон қуаттағыш құрылғысы табылып, тәркіленді. Барлық тыйым салынған заттар заңнамаға сәйкес құзыретті органдардың қызметкерлеріне тапсырылды.
Әскери бөлім басшылығының айтуынша, ұландық сарбаздардың қырағылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында түзету мекемесіне тыйым салынған заттардың өтуіне жол берілмеді. Бұл — әскери қызметшілердің өз міндетіне деген жауапкершілігі мен жоғары тәртібінің жарқын мысалы.
Ұлттық ұлан жауынгерлері үшін қырағылық, батылдық және адал қызмет — күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Олар қиын-қыстау жағдайда да қорқыныш пен күмәнге бой алдырмай, мемлекеттік қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекеттердің жолын кесіп келеді. Әрбір анықталған құқық бұзушылықтың артында сарбаздардың тынымсыз еңбегі, төзімділігі және Отан алдындағы антқа адалдығы жатыр.
Тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ұландықтардың ерлігі — ел тыныштығының кепілі. Олар тәулік бойы қызметте жүріп, азаматтардың қауіпсіздігін қорғап, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарып келеді. Бұл оқиға да әскери қызметшілердің Отанға деген адал қызметінің, жоғары кәсібилігінің және берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауының айқын дәлелі болды.
Ұлттық ұланның жауынгерлері әрдайым ел мүддесі мен халықтың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, қоғамдық тәртіпті сақтауда өздерінің батылдық танытатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Пікір қалдыру