УРАН ӨНДІРУДЕ КӨШБАСШЫ КӘСІПОРЫН ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА 4,8 МЛРД ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЙҒАН

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында  Таукент кентіндегі «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнын аралады. Төртқұдық жаңа зауытының құрылысы мен өндіріс нысандарында болып, жұмысымен танысты. «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны 1996 жылы Созақ ауданының аумағындағы Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында іске қосылған. Сол жылдардан бастап өндіріс орны мемлекеттік саясатын жүзеге асырып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде. Уран өндіруде көшбасшы кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік жобаларға да демеушілік танытуда.

Облыс әкімі «Катко» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхит Келімбетовпен кездесіп, өңірді дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыру бойынша келіссөз жүргізді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын құрамында уран бар кен және пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау сияқты қызмет түрлерімен айналысады. Мұнда 1327 адам жұмыспен қамтылған. Оның 50 пайызға жуығы, яғни 611 адам – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары.
КАТКО 2009 жылдан бері жергілікті экономикаға 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған. Компания кен орындарын игерудің ең экологиялық қауіпсіз және арзан әдісі болып табылатын жерасты ұңғымаларын шаймалау (ЖҰШ) технологиясын қолданады. Әлемдегі уранның 50%-дан астамы ЖҰШ әдісі қолданылып өндіріледі. Бүгінгі таңда КАТКО әлемдегі ең ірі уран кен орындарының бірінің ЖҰШ-операторы болып табылады.

«Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға мейлінше үлес қосып келеді. Өндіріс орны бүгінгі таңда электр қуаты мен суды үнемді пайдаланудың әлемдегі үздік әдістерін қолданады. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, одан жасалған бұйымдарды кәдеге жаратып отыр.

Кәсіпорын уран өндіруде жерасты ұңғымалық шаймалау әдісін қолданады. «МАГАТЭ» ұйымы оны ең тиімді және зарарсыз тәсіл деп таныған. Өндіріс табиғатқа зарар тигізбес үшін су мен ауаның құрамы және топырақтың құнары  ұдайы бақылауда. Жиі-жиі сынамалар алынып, зертханада сараптама жасалады

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*