Шымкент қаласы Қаратау ауданында көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейберекет қоқыс тастау мәселесін алдын алу мақсатында цифрландыру басқармасы тарапынан осы жылы 130 бейнекамера орнатылады. Аталған бейнекамералар полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғанатын болады. Бұл туралы аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерлан Бекназаров айтты.
Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектар, халық саны 213 мыңнан астам. Аудан аумағында 18 елді мекен, 595 көше, 29762 жеке тұрғын үй, 603 көп қабатты үй бар.
– Аудан аумағында 603 көп қабатты үй 210 аулаға біріктірілген. 210 ауланың 189-ы абаттандырылған. 2024 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында 21 балалар ойын алаңы, көп қабатты үй аумағында 5 аула мен 9 ашық спорт алаңшасын салу жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын 100 % абаттандыру жоспарда бар. Сондай-ақ, аудан аумағындағы орталық көшелердегі көп қабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіріп, жаңаша келбет қалыптастыру мақсатында тұрғын үй басқармасына 52 көпқабатты үйдің қасбетін реттеу және әрлеу үшін ұсыныс жолданды, – дейді Ерлан Нұрланұлы.
Қаратау ауданы аумағында тұрғындардың сұранысы мен өтініштеріне сәйкес барлық жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Алдағы уақытта да ауданның бес жылдық даму жоспарына сәйкес ауқымды жұмыстар жалғасатын болатынын айтқан
Ерлан Бекназаров жалпы ауданда инфрақұрылым жүйелерін дамыту, абаттандыру, жарықтандыру мен жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілгенін айтты.
Сондай-ақ, 2024 жылға дейін аудан аумағындағы 266 көшені жарықтандыру жоспарланған. Аудан аумағында жалпы 595 көше бар. Оның 125 көшесі жарықтандырылған. Аталған жұмыс Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан атқарылады.
Ал, 2024 жылы аудан аумағында жалпы 45 көшеге 33,2 км. асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда, барлық көшелерде жұмыстар басталған және аудан әкімі аппаратының тұрақты бақылауына алынған.
Қаратау ауданы аумағында 2 саябақ, 9 гүлзар бар. Аудан тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аудан аумағында 2023 жылы 6 гүлзар пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы 8 гүлзар пайдалануға беріледі.
Пікір қалдыру