Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков елдімекендердің белсенді азаматтарымен, көшелер, тұрғын үйлер басқарушыларымен кездесіп, мегаполисті дамыту жайын талқылады. Тұрғындар тарапынан елдімекендерді абаттандыруға, қоғамдық көліктерге, жол жөндеуге, жер қатынастарына байланысты бірқатар мәселелер қозғалды. Сонымен қатар шағынаудандарға қажетті әлеуметтік нысандар мен салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін спорт алаңдарын салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Ғабит Әбдімәжитұлы сала басшылары мен аудан әкімдеріне халықтың талап-тілектерін назарға алып, туындаған өзекті мәселелерді шешуде белсенділермен тығыз жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ кездесуде қала тазалығын сақтауға, көріктендіруге қатысты ұсыныстар талқыланды. Бұл ретте қала басшысы Президент тапсырмасымен елімізде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтетін шараларға халықты жұдырықтай жұмылдыруға шақырды. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсетіп, өскелең ұрпақты патриоттылық пен еңбекқорлыққа тәрбилейтін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталды. Қала жанашырларын өз аумақтарын таза ұстауын қадағалап, мәдениетті қалыптастыруда, жасыл желектерді көбейтіп, суару жүйелерін күтіп ұстауда бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Пікір қалдыру