ШАРДАРАДА ҰЛТТЫҚ ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕР НАСИХАТТАЛДЫ

2025 жылғы 16 мамырда Шардара ауданындағы «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ұлттық мәдениетті ұлықтауға арналған ерекше танымдық іс-шара өтті. «Қазақтың зергерлік бұйымдары» атты дөңгелек үстел басында ұлттық зергерлік өнердің тарихы, маңызы және тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасының бірі болып саналатын зергерлік өнерді дәріптеу, жастар мен аға буын арасындағы рухани сабақтастықты нығайту, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру болды.

Кездесуге орталықтың қызмет алушы зейнеткер аналары мен жастар қатысты. Атадан балаға мирас болып келе жатқан зергерлік бұйымдардың әрқайсысы терең мән-мағынаға, тәрбиелік мазмұнға толы екені шара барысында жан-жақты түсіндірілді. Ақ жаулықты аналар ғасырлар бойы қазақ даласында қалыптасқан зергерлік дәстүр туралы айтып, өзінің тұрмыстық, рухани және символдық қызметін атқаратын бұйымдарға тоқталды.

Атап айтқанда, тұмарша (бойтұмар) – адамның жанын зұлымдық пен жамандықтан қорғайтын ырымдық бұйым ретінде сипатталды. Жүзік пен сақина – тек сән үшін ғана тағылатын әшекей емес, отбасылық өмір мен әлеуметтік мәртебенің белгісі ретінде баяндалды. Сондай-ақ, шолпы, шашбау, шаш теңге сияқты бұйымдардың жас қыздар мен келіншектердің киім үлгісін толықтырып қана қоймай, олардың жүріс-тұрысы мен тәрбиесін реттейтін құрал болғаны айтылды.

Білезік – қазақ әйелдерінің қолындағы ең маңызды әшекейлердің бірі. Темірден құйылып, кейде тастармен безендірілетін бұл бұйымның емдік қасиеттері де бар екені айтылды. Ал сырға, қапсырма және алқа (өңіржиек) – тек сұлулықтың нышаны емес, белгілі бір аймақтың дәстүрі мен танымын көрсететін мәдени код ретінде бағаланды.

Зергерлік әшекейлердің алтын мен күмістен жасалуы жайында да сөз қозғалды. Күмістің адам ағзасына оң әсері бар екендігі, оның дезинфекциялық және емдік қасиеттері жайлы халық арасындағы таным бүгінгі ғылыммен де расталатынына тоқталды.

Іс-шара барысында жастарға ұлттық зергерлік өнердің терең мәні мен жоғары эстетикалық құндылығы жайында мол мағлұмат берілді. Қатысушылар ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтарын білдіріп, мұндай кездесулердің танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті. Ұлттық өнерге деген құрметті оятатын бұл басқосу – рухани жаңғырудың нақты көрінісі ретінде есте қалды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*