
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев аудан аумағындағы ірі өнеркәсіптік нысандардың бірі — «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу зауытының жұмыс барысымен танысты. Бұл кәсіпорын – Шардара индустриалды аймағында орналасқан, аймақтың ғана емес, тұтас Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба.
Аудан басшысы нысанға арнайы барып, зауыттың қазіргі техникалық жағдайын, инфрақұрылымдық дайындығын және өндірістік процестерге дайындық барысын көзбен көрді. Кездесу барысында зауытты таза ауыз сумен қамту мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда бұл бағытта Тама-Тастанбек су құбырына қосу арқылы шешу жолы қарастырылуда. Аудан әкімі бұл мәселені жедел шешуді тапсырды және тиісті сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеді.
Зауытты газбен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тапқан. Бұл – кәсіпорынның үздіксіз әрі толық қуатта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Зауыт іске толық қосылғаннан кейін Мақтаарал, Отырар және Шардара аудандарындағы жүгері алқаптарынан шикізат қабылдау көзделіп отыр. Бұл, бір жағынан, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін тиімді өңдеуге жол ашса, екінші жағынан, агроөнеркәсіптік кооперацияны нығайтады.
«Казкрахмал» зауыты жүгеріні терең өңдеу арқылы крахмал, глюкоза, биоэтанол және жануарларға арналған жоғары ақуызды жем өндіруді жоспарлап отыр. Бұл өнімдер ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталатын болады. Аталған өндіріс ошағы іске қосылғанда 150-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Зауыттың инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да қыруар жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 12 бункердің 6-уы толық дайын, өнім қабылдау қоймалары толық жабдықталған. Сонымен қатар, жылыту қазандықтарының құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Ауыл шаруашылығы маусымының белсенді кезеңінде өнімді тиімді және тез жеткізу үшін қажетті логистикалық шешімдер қарастырылуда. Осы мақсатта тікұшақ қонатын алаңшаның құрылысы басталып, оны 2025 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр.
Зауыттың өнеркәсіптік маңызы тек өндірістік көлеммен шектелмейді. Бұл жоба өңірдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сай келеді және аудан экономикасының әртараптандырылуына жол ашады. Өнеркәсіптік нысан іске қосылғаннан кейін Шардара индустриалды аймағы жаңа инвесторлар үшін де тартымды бола түседі.
Пікір қалдыру