Түркістан қаласында Наурыз мейрамы аясында жаңа атшабардың ашылуына орай ұйымдастырылған көкпардан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бірнеше күнге созылған дүбірлі додада қатысушы командалар жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерге тартысты әрі әсерлі сәттер сыйлады.
Халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Финалда олар Өзбекстан командасын 9:2 есебімен айқын жеңіп, бас жүлдені иеленді. Өзбекстан құрамасы екінші орынға тұрақтаса, Ауғанстан командасы үшінші орынды місе тұтты. Ал Ресей құрамасы төртінші орыннан көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Чемпион командаға 15 миллион теңге табысталса, екінші орын иегерлеріне 7,5 миллион теңге, үшінші орынға 4,5 миллион теңге берілді. Төртінші орын алған командаға 3 миллион теңге көлемінде сыйақы тапсырылды. Сондай-ақ барлық жүлдегерлерге медальдар, кубоктар мен алғысхаттар табысталды.
Айта кетейік, бұл жарыс жаңа атшабардың алғашқы ірі халықаралық додасы ретінде тарихқа енді. Қатысушылар мен мамандар заманауи нысанның мүмкіндіктерін жоғары бағалап, алдағы уақытта мұнда ат спорты түрлерінен ірі жарыстар тұрақты түрде өтетініне сенім білдірді.
Аталған чемпионат ұлттық спорттың мәртебесін арттырып қана қоймай, көкпар ойынының халықаралық деңгейде дамуына серпін берген маңызды шаралардың бірі болды.
Пікір қалдыру