Түркістан қаласында Наурызнаманың онкүндігі аясында атап өтілетін «Ұлттық спорт» күні қарсаңында ерекше әрі тарихи оқиға тіркелді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды шара барысында бір мезетте 1000-нан астам бала асық ойнап, ел тарихында жаңа белеске қол жеткізді.
Бұл ауқымды бастама нәтижесінде көрсеткіш Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабыне ресми түрде енгізіліп, ұлттық спорттың мәртебесін арттырған маңызды жетістік ретінде бағаланды. Шараға қатысқан жүздеген бала бір уақытта асық атып, қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі ойынына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Салтанатты жиынға Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ «ZIGI ZAGI» отандық өнімінің өкілі, белгілі блогер Олжасхан Қайрат қатысып, көпшілікке ізгі тілектерін жеткізді. Олар өз сөздерінде ұлттық спорт түрлерін жаңғырту мен жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, балалар үшін ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырылды. Қатысушылар арнайы дайындалған алаңда асық ойынының түрлі тәсілдерін көрсетіп, өзара шеберлік сынасты. Бұл тек жарыс қана емес, ұлттық мұраны дәріптейтін тәрбиелік мәні зор бастама болды.
Іс-шараның ең маңызды сәттерінің бірі – тарихи нәтижені ресми тіркеу рәсімі болды. Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабынің ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков арнайы сертификатты табыстап, жетістікті заңды түрде бекітті. Бұл – Түркістан өңірі үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін үлкен мақтаныш.
Ұлттық спортты жаңғыртуға бағытталған мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың дәстүрге деген құрметін арттырып, олардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырады. Түркістанда тіркелген бұл рекорд – ұлттық ойындардың қайта жаңғырып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айқын көрсетеді.
Жалпы, бұл шара Наурыз мерекесінің мазмұнын тереңдете түсіп, ұлттық бірегейлікті нығайтуға, мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған тағылымды әрі тарихи оқиға ретінде ел жадында қалары сөзсіз.
Пікір қалдыру