ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ СПОРТТАН ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ БАР?

2026 жылдың басынан бері Шымкент қаласының спортшылары республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Қысқа уақыт ішінде спортшылар жалпы 221 жүлделі орынға ие болып, қаланың спорт саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақстан чемпионаттарында шымкенттік спортшылар 59 алтын, 71 күміс және 71 қола медаль жеңіп алды. Ал Азия чемпионаттарында 7 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль еншілесе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 4 алтын және 1 қола жүлде иеленді.

Халықаралық жарыстардағы жетістіктер де назар аударарлық. Қатардың Доха қаласында өткен стенд атудан Азия чемпионатында қала спортшылары 5 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль жеңіп алса, Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен нысана көздеуден Азия чемпионатында 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Бұл жарыста София Шульженко жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше әлемдік және азиялық рекордтарды жаңартты.

Сонымен қатар, Италияның Рим қаласында өткен каратэ WKF бойынша «Премьер Лига» турнирінде София Берульцева топ жарып, алтын медаль иеленді. Ал Албанияның Тирана қаласында өткен грек-рим күресінен халықаралық турнирде Мейіржан Шермаханбет жеңімпаз атанып, Ернур Фидаметов қола жүлдеге ие болды.

Қысқы Олимпиада ойындарында да шымкенттік спортшылар лайықты өнер көрсетті. Италияда өткен дүбірлі додада фристайл-акробатикадан қатысқан спортшылар халықаралық рейтингте жақсы нәтижелер тіркеді.

Жалпы алғанда, биылғы көрсеткіштер Шымкент спортшыларының тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*