
Шардара ауданында шіркейге қарсы залалсыздандыру жұмыстары биылғы жылдың сәуір айынан бастап қолға алынды. Көктемгі маусымда шіркей мен түрлі ұшатын зиянкестердің көбеюіне байланысты, дезинсекциялық шараларды ерте бастау – тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады.
Қазіргі таңда аудан аумағында бұл жұмыстар арнайы кестеге сәйкес, кезең-кезеңімен және жүйелі түрде атқарылып жатыр. Атап айтқанда, залалсыздандыру шараларымен Шардара қаласы мен оған қарасты Достық, Сүткент, Ақшеңгелді, Қызылқұм, Алатау батыр, Ұзыната, Көксу, Қоссейіт, Тұрысбеков, Жаушықұм ауылдық округтері толық қамтылған. Бұл жұмыстарға 3 арнайы техника тартылып, өңір аумағында шіркей мен маса секілді зиянкестердің көзін жоюға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Ауданға қарасты бірқатар елді мекендерде шіркейдің көбеюі байқалған соң, дезинсекциялық шаралар күшейтілген режимде қолға алынды. Әсіресе, Сүткент ауылында залалсыздандыру жұмыстары ерекше бақылауға алынды. Мұнда дернәсіл сатысындағы шіркейлерге қарсы биологиялық тәсіл қолданылуда. Сырдария өзенінің бойына «Бактицид» биологиялық препараты құйылып, шіркей дернәсілдерін жою мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл іс-шараларға 10 арнайы көлік, 4 қайық, 1 дрон және 10 бүріккіш құрал жұмылдырылған.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда Алатау батыр ауылдық округінде де кешенді химиялық дәрілеу жұмыстары күшейтілген режимде жүзеге асырылуда. Бұл өңірде шіркейлердің шоғырлану қаупі жоғары болғандықтан, залалсыздандыру шаралары кең көлемде жүргізілуде. Аталған жұмыстарға 2 арнайы көлік, 1 дрон және 6 бүріккіш құрал тартылып отыр. Мамандар арнайы қорғаныс құралдарымен жабдықталып, қауіпсіздік ережелері сақтала отырып жұмыс атқаруда.
Жалпы облыс көлемінде жүргізіліп жатқан дезинсекциялық жұмыстардың сапасы мен тиімділігі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауына алынған. Аймақ басшысы залалсыздандыру шараларының уақытылы, сапалы және ғылыми негізде жүргізілуін талап етіп отыр. Бұл бағытта тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, аудан әкімдігі мен жауапты ұйымдар арасындағы үйлесімді жұмыс ұйымдастырылған.
Мақсат – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау, ауру таратушы жәндіктердің көбеюіне жол бермеу және санитарлық ахуалды тұрақты ұстап тұру. Алдағы уақытта залалсыздандыру жұмыстары жалғасын тауып, маусым соңына дейін толық аяқталуы көзделіп отыр.
Пікір қалдыру