ШАРДАРА АУДАНЫНДА ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев КХ-72 «Шардара-Абай» бағытындағы облыстық маңызы бар автожолдың жөндеу жұмыстарының барысымен арнайы танысты. Жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайтын бұл жол аудан тұрғындары үшін стратегиялық маңызға ие. Себебі, бұл бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, жолаушылар қатынасы және экономикалық байланыстар үшін негізгі көлік артерияларының бірі болып табылады.

Жолдың техникалық жағдайын зерделеу жұмыстары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, “Оңтүстік жолдары” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және тиісті бөлім мамандарының қатысуымен жүргізілді. Тексеру барысында жолдың 12,5 шақырымдық бөлігінің асфальт жабыны тозып, көлік қозғалысы үшін қауіп тудыратындай жағдайда екені анықталды. Осыған байланысты қазіргі таңда аталған учаскеде жол төсемесінің түзету қабатын қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Аудан басшысы жол сапасының маңыздылығына ерекше тоқталып, мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарының сапалы және белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң түрде тапсырды. Сонымен қатар, жұмыс барысы кезең-кезеңімен қадағаланып, кемшіліктер дер кезінде түзетілуі тиіс екенін ескертті.

Жалпы, Шардара ауданында соңғы жылдары жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан көлемінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 500 шақырымнан асады. Оның ішінде аудан орталығы мен ауылдық округтерді байланыстыратын ішкі жолдар желісі – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылым бөлігі.

 Шардара қаласының ішкі көшелерінің 11 шақырымы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Қызылқұм, Ұзыната, Ақшеңгелді және Жаушықұм ауылдық округтерінде де жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алдағы кезеңде ауылішілік жолдарды толықтай жаңғырту, қиыршық тасты жолдардың сапасын арттыру және жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту жоспарланып отыр.

Аудан әкімдігі инфрақұрылымды дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыға жылдам жеткізу, туристік орындарға қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Осыған орай, әрбір жол жобасының сапалы әрі уақтылы орындалуы – ауданның болашағы үшін маңызды қадам.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*