ШАРДАРА АУДАНЫНДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛУДЕ

Сырдария өзенінің маңындағы елді мекен тұрғындары үшін көктем мен жаз мезгілдерінде шіркей мәселесі айтарлықтай қолайсыздық тудыратыны белгілі. Соңғы күндері шіркей санының артуына байланысты Шардара ауданында залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде күшейтілуде. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, тиісті шаралар дер кезінде қолға алынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету басты міндет ретінде белгіленген.

Бұл бағыттағы жұмыстарды ғылыми сүйемелдеуге негізделе отырып, арнайы мердігер мекеме – «Satti Tulik» ЖШС жүзеге асырып келеді. Мекеме екі әдісті қолдану арқылы шіркейге қарсы кешенді шаралар жүргізуде. Бірінші әдіс – биологиялық өңдеу, яғни шіркей дернәсілін жою мақсатында Сырдария өзеніне «Бактицид» препараты бірнеше мәрте жіберілді. Екінші әдіс – химиялық өңдеу, бұл бағытта елді мекендердің ішкі аймақтары мен тоғайлы жерлерде арнайы техникалармен бүрку жұмыстары жүргізілуде.

«Защита-растений» ЖШС-нің ғылыми негізделген ұсынысына сәйкес, биологиялық әдіс бойынша наурыз айынан бастап Ұзыната және Сүткент ауылдарының тұсынан Сырдария өзеніне «Бактицид» препараты 5 рет қолданылды. Бұл өңдеу шіркейдің дернәсіл кезеңінде жойылуын қамтамасыз етеді, әрі экологияға зиянсыз.

Химиялық өңдеу бойынша аудан аумағы үш секторға бөлініп, 13 елді мекенде арнайы 3 техника көмегімен «Кардинал» препараты пайдаланылуда. Сәуір айынан бері тоғайлар, су қорғау аймақтары, елді мекендер ішіндегі ағаштар мен көгалдарға екі мәрте бүрку жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жандос Айтбеков пен аудан әкімінің орынбасары Ержан Қаратұнов шіркейге қарсы жұмыстарды бақылау мақсатында жергілікті жерлерде болды. Олар залалсыздандыру шараларын пысықтап, мердігер мекемеге жұмыстарды сапалы әрі толық көлемде орындауды тапсырды.

Аудан әкімдігі шіркейге қарсы күресті тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қабылданып жатқан шаралар тек санитарлық мақсатта ғана емес, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрғындардың тұрмыстық жайлылығын арттыру бағытында да аса маңызды. Шаралар кезең-кезеңімен жалғасып, аудандағы өмір сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*