СОЗАҚ АУДАНЫ: СУ ДЕҢГЕЙІНЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛГЕН

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің Жуантөбе ауылына жасаған жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Аудан басшысы ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму бағытын бақылап қана қоймай, алдағы атқарылар жобаларды пысықтады. Бұл жолғы сапардың басты ерекшелігі – табиғи ресурс, атап айтқанда, судың маңыздылығы мен су шаруашылығына қатысты мәселелердің күн тәртібіне шығуы болды.

Жұмыс сапары барысында Мұхит Сексенбайұлы алдымен Жуантөбе маңынан өтетін Шу өзенінің қазіргі жағдайымен танысты. Қазіргі таңда өзен суы ауылдан 40 шақырым жерден өтіп, Ақкөлге дейін 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл – стратегиялық маңызы бар су көзі. Шу өзені тек Жуантөбе үшін емес, жалпы Созақ ауданының ауыл шаруашылығы үшін де аса маңызды. Ауыл шаруашылығы негізінен егіншілік пен мал шаруашылығына сүйенетін аймақ үшін судың жеткілікті әрі тұрақты болуы – өнім көлемі мен сапасына тікелей әсер ететін фактор.

Аудан әкімі судың қозғалысын күнделікті бақылап отырудың маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға су деңгейін үнемі қадағалап, қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етуге дайын болуды тапсырды. “Су – тіршіліктің тірегі. Оны үнемдеп, ұтымды пайдалану – біздің басты міндетіміз. Әсіресе, климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын басқару – ең өзекті мәселе”, – деді аудан басшысы.

Сапар барысында Мұхит Тұрысбеков ауыл ішіндегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын да аралап шықты. Қ. Омарұлы көшесінде бой көтеретін жабық футбол алаңының орнымен танысып, құрылыс жұмыстарын уақтылы бастау жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, қайта жаңғыртылатын “Бәйтерек” кешеніне барып, мұнда абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру бойынша жоспарланған жұмыстарды талқылады. Ауыл орталығындағы саябақтың көріктендіру жобасы да аудан басшысының назарынан тыс қалмады.

Аудан басшысы барлық жобаларды іске асыру барысында ең алдымен сапа мен тиімділікке назар аудару қажеттігін қатаң ескертті. Әрбір жоба уақтылы әрі халық игілігіне сай жүзеге асуы тиіс екенін баса айтты. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстары мен спорттық нысандардың салынуы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне сеп болатынын жеткізді.

Созақ ауданы — су тапшылығы байқалатын өңірлердің бірі. Бұл ауыл шаруашылығына айтарлықтай әсер етеді. Егістік жерлердің суарылуы, малға қажетті жайылымдық жерлерді суландыру, тұрғындардың ауызсуға деген сұранысын өтеу сияқты мәселелер – аудан әкімдігі күн тәртібінен түсірмей отырған күрделі түйіндер. Сондықтан Шу өзенінің бағыты, оның ағымы мен деңгейі тек бір ауылдың ғана емес, ауданның болашағы үшін де маңызды.

Суды тиімді пайдалану, су инфрақұрылымдарын жаңарту, бөгеттер мен арық-каналдарды қалпына келтіру – бұл алдағы уақытта атқарылар басым бағыттар қатарында. Бұл мақсатта облыстық деңгейде де тиісті жұмыстар жүргізіліп, республикалық бағдарламалар арқылы қаржыландыру жолдары қарастырылып отыр.

Жуантөбе ауылына жасалған бұл сапар бір жағынан ауылдың абаттандыру мен инфрақұрылымдық дамуына серпін берсе, екінші жағынан, ауданның су қауіпсіздігі мәселесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, халықтың тұрмысын жақсартуға негіз болмақ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*