Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер шеберлері қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына және өнер ордасының жылдық қорытындысына арналған «Ән аға – жан аға» атты салтанатты гала-концерт өткізді. Мазмұны терең, рухани маңызы зор кеш ұлы композитордың өлмес мұрасын ұлықтауға және филармония ұжымының бір жылдық шығармашылық еңбегін қорытындылауға арналды.
Кеш басталар алдында көрермендер фойеде ерекше атмосфераға бөленді. «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші Қалдаяқовтың ел жүрегінен орын алған әндерін әуенге қосып, қонақтарды жылы ықыласпен қарсы алды. Сондай-ақ арнайы әзірленген шағын музейде композитордың көзі тірісінде қолданған жеке бұйымдары мен тарихи жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды. Әнсүйер қауым фуршет дастарханынан Шәмші Қалдаяқовтың туған ауылынан арнайы жеткізілген ұлттық тағамдар – құрт пен ірімшіктен дәм татып, поно-тақтайшалар арқылы халық арасында кең тараған әндерінің шығу тарихы мен жазылу кезеңдері туралы тың деректерге қанықты.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен гала-концертте филармония өнерпаздары композитордың таңдаулы әрі жүрекке жақын әндерін орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын қамтыған бейнероликтер LED экран арқылы көрсетіліп, көрермен қауымды өткен ғасырдың сырлы сазына жетеледі. Әрбір ән, әрбір көрініс залда отырған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Концерт шымылдығын филармонияның дәстүрлі әншілері «Отырардағы той» әнімен ашты. Өнерпаздарға 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды-аспаптар ансамблі және «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі сүйемел жасады. Сонымен қатар кеш барысында «Фараб» және «Ғасыр» би ансамбльдері сахнада өнер көрсетіп, ән мен бидің үйлесімін айшықтай түсті.
Гала-концертте ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева мен Хадиша Сейітова, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және филармонияның өзге де талантты өнер майталмандары сахна төріне шығып, көрермен қошеметіне бөленді. Әрбір орындаушы Шәмші әндерінің көркемдік құндылығын, тәрбиелік мәнін және халықтық сипатын жоғары деңгейде жеткізе білді.
Айта кетейік, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы 2024 жылды табысты қорытындылап, алдағы жылы да көрермен қауымға мазмұны бай, ауқымды концерттік жобалар мен мәдени іс-шараларды ұсынуды жоспарлап отыр. Ұлы композитордың шығармашылығын дәріптеген бұл кеш көрерменнің жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Пікір қалдыру