БІР МЕКТЕПТЕН – БІР САПҚА: 12 СЫНЫПТАС ШЫМКЕНТТЕ ӘСКЕР ҚАТАРЫНДА

Жігіттер Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектепті бірге аяқтаған. Бүгінде олар бір сапта тұрып, әскери тәртіп пен қырағылыққа үйреніп, Отан алдындағы борышын қатар атқаруда.

Әскери бөлім басшылығының айтуынша, бір елді мекеннен шыққан азаматтардың бір әскери бөлімге бір мезетте түсуі өте сирек кездесетін жайт. Бұл жағдай жас сарбаздардың ұйымшылдығын арттырып, бейімделуіне оң әсерін тигізіп отыр.

— Біз бір сыныпта оқып, бір ортада өстік. Әскерге бару – бәріміз үшін саналы таңдау болды. Бір бөлімге түскенімізді естігенде қуанышымызда шек болмады. Қазір өзімізді бір команда ретінде сезінеміз, — дейді қатардағы жауынгер Расул Саутов.

Қазіргі уақытта сарбаздар оқу пунктінде бастапқы әскери даярлық курсынан өтуде. Олар әскери қызметтің негізгі талаптарын меңгеріп, саптық, тактикалық және дене даярлығы бойынша жаттығулар жасауда. Командирлер жігіттердің тәртіптілігі мен өзара қолдауын ерекше атап өтеді.

— Бірге жүрген жолдастардың әскерде де қасымызда болғаны үлкен демеу. Біз бір-бірімізге әрдайым тірекпіз. Осындай ауызбіршілік әскери өмірге тез үйренуге көмектеседі, — дейді қатардағы жауынгер Марат Бейбарыс.

Бұл оқиға жас ұрпақ арасындағы патриоттық рух пен жауынгерлік бауырластықтың мектеп қабырғасынан басталатынын дәлелдейді. Бүгінде аталған 12 сарбаз бірлік пен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр.

Айта кетейік,  2026 жылғы 24 қаңтарда мерзімді әскери қызметшілер әскери ант қабылдап, одан кейін Шымкент қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметке кіріседі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*