ШЫМКЕНТТЕ 39,5 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ФАРМАЖОБА: 300 ЖҰМЫС ОРНЫ ЖӘНЕ 38 ЖАҢА ДӘРІ ӨНДІРІСІ

Қазақстанның фармацевтика саласында ауқымды инвестициялық серпіліс басталды. Елде дәрілік қауіпсіздікті нығайту және отандық өндірістің үлесін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясат нақты жобалар арқылы жүзеге асуда. Соның бір дәлелі – Денсаулық сақтау министрлігі мен Химфарм АҚ арасында жасалған Инвестициялар туралы келісімнің Үкімет тарапынан мақұлдануы. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.

Бұл келісім «Халықты неғұрлым қолжетімді дәрілік препараттармен қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының фармацевтика индустриясындағы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін ұлғайту» жобасын іске асыруға бағытталған. Жоба аясында Polpharma Santo компаниясының Шымкент қаласындағы өндірістік алаңында инвестициялық бағдарламаның жаңа кезеңі басталады.

Жобаның жалпы құны 39,5 млрд теңгені құрайды. Инвестицияның бір бөлігі ғылыми зерттеулерді дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге жұмсалады. Нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал өндірістің бірінші кезеңін іске қосу 2029 жылдың соңына жоспарланып отыр.

Жаңа өндірістік қуаттар онкологиялық, жүрек-қан тамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды, соның ішінде туберкулезді емдеуге арналған 38 түрлі дәрілік зат шығаруға мүмкіндік береді. Барлық өнім халықаралық сапа стандарттарына сай өндіріледі. Бұл өз кезегінде халықты сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға ықпал етеді.

Аталған жоба қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, фармацевтика саласының технологиялық негізін қалыптастыруға жол ашады. Сонымен бірге елдің экспорттық әлеуетін арттырып, дәрілік импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында жалпы сомасы 316,3 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық келісім жасалған. Бұл көрсеткіш салаға деген сенімнің артқанын, инвестициялық тартымдылықтың күшейгенін және өндірісті локализациялау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын аңғартады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*