ӘЗІРБАЙЖАН ЭТНОСЫНЫҢ ТІЛІ, МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮРІ ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІҢ АЙНАСЫ

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы мен Республика күніне орай елдегі ұлтаралық татулық пен мәдени әралуандықты дәріптейтін маңызды іс-шара өтті. «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік жиынды «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесе ұйымдастырды.

Бұл мерекелік шара – елімізде өмір сүріп жатқан әрбір этностың өз мәдениетін, дәстүрін, тілі мен өнерін еркін насихаттауға мүмкіндік беретін Қазақстан халқы Ассамблеясының салиқалы саясатының жемісі. Кешке қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, жас белсенділер мен қала тұрғындары қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты құндылық екенін атап өтті.

– Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы өзара сыйластық пен татулықты айшықтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің басты құндылығымыз. Осындай мерекелер еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтуға зор үлес қосады, – деді Заңғарбек Үсіпахметов.

Кеш барысында әзірбайжан этносының бай мәдени мұрасын танытатын түрлі өнер түрлері ұсынылды. Ұлттық киім киген өнерпаздар әзірбайжан халқының халық билерін, әндері мен поэзиялық композицияларын орындады. Сахнада шынайы көңілмен орындалған ұлттық әуендер мен нәзік би қимылдары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Әсіресе жексенбілік мектеп оқушыларының өнері көпшілікті тәнті етті. Олар Абай Құнанбайұлының өлеңдерін әзірбайжан тілінде жатқа оқып, ұлттық мәдениеттер арасындағы рухани үндестікті көрсетті. Бұл балалардың тынымсыз еңбегі мен шығармашылық қабілеттерін паш ететін көрініс болды. Жас өнерпаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, қонақтар әйгілі әзірбайжан композиторларының туындыларын тыңдап, шынайы халықтық рухты сезінді. Кеш соңында барша қатысушыларға дәстүрлі әзірбайжан тағамдары ұсынылған мерекелік дастархан жайылып, ынтымақ пен достықтың дәмі ортақ бөлінді.

Мұндай мәдени шаралар еліміздің қоғамдық тұрақтылығы мен бірлігін сақтау жолындағы маңызды тетік екені анық. Қазақстанда тұратын әрбір этнос өкілінің мемлекеттік мүддеге адалдығы мен ел дамуына қосып жатқан үлесі ұрпаққа өнеге. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қағиданы берік ұстанған елімізде алдағы уақытта да өзге этностардың мәдени мұрасын дәріптейтін іс-шаралар жалғасын табатыны сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*