ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА «QAYDA ПРЕМИЯ BY TOURISM AWARDS» САЛТАНАТТЫ КЕШІ ӨТТІ

Түркістан қаласында туризм мен қызмет көрсету саласындағы үздіктерді анықтауға арналған дәстүрлі «Qayda Премия by Tourism Awards» салтанатты кеші өтті. Қаладағы үздік орындар мен қызмет көрсету нысандарын бір алаңға жинаған бұл шара жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, туризм индустриясын дамытуға және қонақжайлылық мәдениетін арттыруға бағытталды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған премия Түркістан қаласының іскерлік және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.

Аталған кештің басты мақсаты – туризм, қызмет көрсету және қонақжайлылық саласында белсенділік пен бәсекелестікті арттыру, сапалы қызмет көрсетіп жүрген нысандар мен кәсіп иелерін ынталандыру, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары арасында кеңінен танымал орындарды анықтау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл премия кәсіпкерлерді өз қызметін үнемі жетілдіруге, сервистік сапаны арттыруға және тұтынушылармен кері байланысты нығайтуға үлкен серпін береді.

Үздіктерді анықтау жүйесі алдын ала тұрғындардың ашық дауыс беруі арқылы жүргізілген. Онлайн форматта өткен дауыс беру барысында қала тұрғындары мен қонақтары өздері жиі баратын, қызметіне көңілі толатын орындарға дауыс беріп, өз таңдауларын жасаған. Осылайша, марапат иегерлері халықтың нақты пікірі мен сеніміне сүйене отырып анықталды. Бұл әдіс премияның әділдігін арттырып, қатысушылардың белсенділігін күшейте түсті.

Салтанатты кеш барысында жыл қорытындысы шығарылып, түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылған мейрамханалар, қонақ үйлер, демалыс орындары, қызмет көрсету нысандары мен кәсіп иелері марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы әзірленген статуэткалар табысталып, олардың еңбегі мен жетістіктері көпшілік алдында жоғары бағаланды. Кеш барысында марапат иегерлері өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын да ортаға салды.

Жергілікті кәсіпкерлер мен белсенді ұйым өкілдерінің басын қосқан шара Vendo Group өкілдерінің ұйымдастыруымен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дауыс беру арқылы анықталатын жүйе қатысушыларды барынша белсенді болуға ынталандырып, қызмет көрсету сапасының айтарлықтай артуына ықпал еткен. Көптеген нысандар клиенттерді тарту мақсатында түрлі жеңілдіктер ұсынып, қызмет түрлерін жетілдіре бастаған. Бұл өз кезегінде қаладағы сервистік мәдениеттің дамуына оң әсерін тигізіп отыр.

Дәстүрлі түрде екінші рет ұйымдастырылған салтанатты кешке 400-ге жуық адам қатысты. Шараға қаладағы кәсіпкерлер, туризм саласының өкілдері, қоғам белсенділері мен қонақтар жиналды. Кештің сәнін арттырған хедлайнерлер ретінде танымал өнер жұлдыздары Баян-Сұлу мен Бонапарт сахнаға шығып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Музыкалық бағдарламалар мен әсерлі қойылымдар кештің мазмұнын байытып, қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.

Айта кетейік, «Qayda Премия by Tourism Awards» алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, Түркістан қаласының туризм және қызмет көрсету саласындағы үздіктерін анықтайтын маңызды алаң ретінде дамытылмақ. Мұндай бастамалар қаланың туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне де тың серпін беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*