Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық патриоттық әндер байқауы өтіп, ел тарихындағы ұлы ерлікті ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған тағылымды шараға айналды. Байқауға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан келген, жасы 60-тан асқан ардагерлер қатысып, өз өнерлері арқылы Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ерлік рухын дәріптеді.
Шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Түркістан облысы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы сөз сөйлеп, қатысушыларды маңызды тарихи датамен құттықтады. Олар мұндай байқаулардың маңызына тоқталып, патриоттық әндердің жас ұрпаққа рухани тәрбие берудегі рөлін ерекше атап өтті. Ардагерлерге шығармашылық табыс тілеп, олардың ел тарихын сақтаудағы орны зор екенін жеткізді.
Байқаудың басты мақсаты – Ұлы Жеңістің маңызын жас буынға жеткізу, елге деген сүйіспеншілік пен батырлық рухты насихаттау, соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлігін ұлықтау, сондай-ақ патриоттық бағыттағы музыкалық өнерді кеңінен тарату болды. Қатысушылар патриоттық тақырыптағы әндерді жанды дауыста орындап, орындаушылық шеберлігі, дауыс мүмкіндігі, көркемдік мазмұны мен сахна мәдениеті бойынша бағаланды. Байқау талаптарына сәйкес дуэт, трио және квартет форматында өнер көрсетуге де мүмкіндік берілді.
Тартысты өткен өнер сайысының қорытындысы бойынша бас жүлде Шардара ауданынан келген Нұрлан Адамбековке бұйырды. Бірінші орынды Созақ ауданынан қатысқан «Сырлы Созақ» квартеті иеленсе, екінші орын Ордабасы ауданынан Құрманәлі Жылқыбай мен Жетісай ауданынан Алима Жолдыбаеваға табысталды. Үздік үштікті Сайрам ауданынан Жақсыбай Оңалбек, Төлеби ауданынан «Нұрлы шуақ» отбасылық дуэті және Қазығұрт ауданынан келген «Мейірім» тобы түйіндеді. Сонымен қатар, байқаудың дипломанттары мен арнайы жүлдегерлері арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Аталған байқау ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен рухани мұрасын жас ұрпаққа үлгі етіп, патриоттық тәрбиені нығайтудың жарқын көрінісі болды. Осындай тағылымды шаралар арқылы Түркістан өңірінде ел тарихына құрмет, Отанға адалдық пен бірлік құндылықтары кеңінен насихатталып келеді.
Пікір қалдыру