Түркістан қалалық «Мәдениет үйінде» Түркістан қаласы Полиция басқармасы бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы Нысанбаевтың халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Жиынға қала тұрғындары, қоғам белсенділері мен сала өкілдері қатысып, 2025 жылдың 12 айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары таныстырылды.
Есеп барысында қаладағы криминогендік ахуалдың бірқатар бағыттар бойынша жақсарғаны айтылды. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 86 пайызды құраса, ауыр қылмыстар бойынша бұл көрсеткіш 85,6 пайызға жеткен. Ұрлық қылмыстары 15 пайызға азайып, 113 деректен 96-ға төмендеген. Пәтер ұрлығы 53,8 пайызға қысқарып, 26-дан 12 дерекке дейін азайған.
Сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 14,9 пайызға, көшелердегі қылмыстар 6,1 пайызға, ал отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар 22,5 пайызға төмендегені мәлімделді.
Кездесуде интернет-алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы қала бойынша 204 тұрғын интернет-алаяқтардың құрбаны болған. Осыған байланысты полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру материалдарын тұрақты түрде таратып келеді.
Жиын қорытындысында басқарма басшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырды.
Пікір қалдыру