Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Инклюзивті Ассамблея» жобасын іске асыру тетіктеріне арналған маңызды отырыс өтті. Бұл жиын Түркістан өңірінде этносаралық тұрақтылықты нығайтуға, қоғамдық келісім мен бірлікті одан әрі дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Қасиетті Түркістан – сан ғасырлар бойы түрлі мәдениеттер мен этностардың татулықта өмір сүріп келе жатқан мекені. Бүгінде бұл дәстүр заманауи бастамалар арқылы жалғасын табуда.
Жиынға Қазақстан қырғыздары қауымдастығының төрағасы Исмаилов Шавкат Абдоллаұлы, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Нұрсұлтан Сейтжанов, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова арнайы қатысты. Сондай-ақ, жиынға Ақсақалдар және Аналар кеңесінің мүшелері, Медиация кеңесі, этномәдени бірлестіктер, «Ассамблея жастары» мен студенттік Ассамблея өкілдері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Отырыстың негізгі өзегі – инклюзия қағидаттарын қоғам өміріне кеңінен енгізу және өзара сыйластыққа негізделген жаңа мәдениетті қалыптастыру болды. Шавкат Абдоллаұлы слайд арқылы баяндама жасап, «Инклюзивті Ассамблея» жобасының мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Ол бұл бастаманың түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етіп, әрбір азаматтың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашатынын атап өтті.
Жиында сөз алған Гүлсара Тоққұлова инклюзивті Ассамблеяның мән-маңызын терең түсіндіріп, облыста осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, инклюзия – қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтаудың маңызды тетігі. Ал Эльмира Жанғазиева ҚХА-ның «Инклюзивті Ассамблея» бағыты бойынша жұмысты жандандыру жөніндегі ұсыныстарын білдіріп, жоба аясында барлық қоғамдық құрылымдарды бірлесіп әрекет етуге шақырды. Ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева да өз тәжірибесімен бөлісіп, әлеуметтік қолдауды кеңейтуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан қаласында этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау – басты басымдықтардың бірі. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамалары тек диалог алаңы ғана емес, нақты әлеуметтік жобалар арқылы іске асырылып келеді. «Инклюзивті Ассамблея» жобасы қоғамдағы барлық азаматтардың пікірін ескеруге, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осындай кездесулер арқылы Түркістанда бірлік пен ынтымаққа негізделген қоғамдық орта қалыптасып, жас ұрпаққа татулық пен өзара құрмет құндылықтары сіңірілуде. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде ел болашағына, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған игі бастамалар одан әрі дамып, өңірдегі этносаралық тұрақтылық нығая беретініне сенім мол.
Пікір қалдыру