
Салауатты ұрпақ – жарқын болашақтың негізі. Осы ұстанымды басты бағыт еткен Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, жас спортшыларды қолдау және олардың спорттық әлеуетін дамыту мақсатында өңірлік деңгейде ауқымды жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Соның бір жарқын көрінісі – 2025 жылдың 13–15 маусым күндері Түркістан қаласында өтетін 2012–2013 жылы туған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен Түркістан облысының чемпионаты болмақ.
Аталған чемпионат Түркістан қаласының «Ерекше мәртебе туралы» Заңы аясында ұйымдастырылып, ұлттық спортты ұлықтау, балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ болашақ чемпиондарды анықтау сынды маңызды мақсаттарды көздейді.
Жарысқа Түркістан облысының барлық өңірлерінен 300-ден астам жас балуан қатысады. Олардың қатарында Арыс, Кентау қалалары мен Шардара, Сауран, Түлкібас, Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам аудандары және Түркістан қаласының өрендері бар. Бұл – өңірдің әр түкпірінен жиналған жас спортшылар үшін өз мүмкіндіктерін көрсетіп, тәжірибе алмасуға және облыс намысын қорғайтын мықты спортшылар қатарынан көрінуге үлкен мүмкіндік.
Қазақ күресі – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен сабақтасқан ұлттық спорт түрі. Ол тек күш сынасатын жарыс қана емес, рух пен тәрбие мектебі. Балуан болу – ерік-жігер, еңбекқорлық, тәртіп пен сабырлықтың көрінісі. Сондықтан мұндай жарыстар балаларды тек спортшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде еліміздің спорт саласында жетістіктерге жетіп жүрген көптеген чемпиондар дәл осындай жас ерекшеліктеріне сай жарыстарда шыңдалып, үлкен ареналарға жолдама алған. Сондықтан ата-аналарды, жаттықтырушыларды және барша спорт сүйер қауымды осы облыстық чемпионатқа белсенді қатысып, жас спортшыларымызға қолдау көрсетуге шақырамыз.
Бұл чемпионат – тек жарыс қана емес, Түркістан облысындағы балалар спортының даму деңгейін көрсететін маңызды алаң. Осындай додалар арқылы ауыл балаларының таланты ашылып, үлкен спортқа жол ашылады. Әсіресе ұлттық спорт түрі – қазақ күресі арқылы балалардың бойындағы отансүйгіштік, намысшылдық пен рухани тәрбие қалыптасады.
Пікір қалдыру