ШАРДАРАДА ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯ – ДАМУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Шардара ауданында әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылым мен өндіріс салаларын ілгерілету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, салалық басшылар атқарылған жұмыстар мен жоспарлары жөнінде баяндама жасады.

Жиында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сержан Ильясов жер қатынастары саласындағы ағымдағы ахуал мен алдағы жобалар туралы ақпарат берді. Бұл сала ауыл шаруашылығын цифрландыру, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға қосу және аграрлық өндірісті тиімді пайдалану мәселелерін қамтиды.

Өз кезегінде, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Мұсабеков орталықтың алғашқы бес айдағы белсенді шаралары мен жастар арасындағы кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы бастамаларын атап өтті.

Аудан әкімінің кеңесшісі Батырбек Қалдарбек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан тазалық, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Жиынның күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – инвестициялық жобалар мен өндіріс саласын дамыту болды. Қазіргі таңда Шардара ауданында бірқатар өндірістік жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған шағын цехтар, жылыжай кешендері және тамшылатып суғару технологияларын енгізуге арналған инвестициялық бағдарламалар іске асырылуда. Бұл жобалар еңбек орындарын ашып қана қоймай, аудан экономикасын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға негіз болмақ.

Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобалар аясында туристік аймақтарға тас жолдар төсеу, электр желілерін тарту және инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Мұндай жобалар болашақта ішкі туризмді дамытуға, сондай-ақ шетелдік және отандық инвесторларды тартуға ықпал етпек.

Мәжілісте ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа тәсілдер, әсіресе тамшылатып суару әдісіне көшу, шаруалармен түсіндіру жұмыстарын күшейту, ағын су бойынша берешектерді реттеу мәселелері де кеңінен талқыланды.

Аудан басшысы Арман Қарсыбаев әрбір баяндамада көтерілген мәселелерге назар аудара отырып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол нәтиже мен уақытылы орындалудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, әрбір сала бойынша нақты индикаторлар мен бақылау тетіктерін енгізуді тапсырды.

Шардара ауданы қазіргі таңда өндірістік әлеуетін арттырып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріп отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс аудан халқының әл-ауқатын жақсартып, өңірдің болашақ дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*