СОЗАҚ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОРҒАУ: ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖӘНЕ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК ДАМУ

Созақ ауданы аграрлы аймақ ретінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Егіс алқаптарының көлемі жыл сайын артып, мал шаруашылығы мен егіншіліктің өнімділігі жоғарылап келеді. Алайда, бұл салада өнім көлеміне қауіп төндіретін факторлардың бірі — зиянкестер, оның ішінде шегіртке түрлері. Осы ретте аудан аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізілетін зиянкестерге қарсы күрес шараларының маңызы ерекше.

Биылғы жылы да көктем-жаз маусымында жүргізілген зерттеу және залалсыздандыру жұмыстары нәтижесінде бірқатар ауылдық округтерде шегіртке ошақтары анықталды. Атап айтқанда, Жартытөбе ауылдық округіндегі «Таскөмірсай» маңындағы егістік алқаптар мен Құмкент ауылдық округіне қарасты, Сарысу ауданымен шекаралас аумақтарда зиянкестер тіркеліп, дер кезінде тиісті шаралар қабылданды. Жалпы 5 200 гектар жер телімі зерттеліп, оның 1 250 гектарынан италиялық саяқ шегіртке табылған. Анықталған барлық аумақтарда арнайы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл жұмыстарға 5 штангалы бүріккіш трактор, 4 пикап көлігі, 5 ранцевый бүріккіш құрылғысы, 2 су тасушы техника және 25 маман тартылды. Қазіргі таңда өңделген аумақтарда қосымша бақылау және тазалау шаралары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бұл алдын алу шаралары өнімділікті төмендететін зиянкестердің жаппай таралуына жол бермей, шаруалардың шығынға ұшырау қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Сонымен қатар, маусым айының 5-і күні Құмкент ауылдық округінің Ақжар жайылымдық қамысты алқабында шегірткенің азиялық түрі анықталды. Бұл шегіртке тек қамыспен қоректенетін болғандықтан, ол негізінен мал жайылымдары мен табиғи өсімдіктерге зиян келтіруі мүмкін. Алайда дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында залалсыздандыру жұмыстары жедел ұйымдастырылып, «АН-2» ұшағы арқылы 900 гектар алқапқа әуе арқылы химиялық өңдеу жасалды. Бұл шегірткелердің өршуінің алдын алып, жайылымдық жерлердің сақталуын қамтамасыз етті.

Шегірткелермен күрес – тек бір маусымдық шара емес, ол ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне, жалпы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Егін алқаптары мен жайылымдық жерлерді қорғау арқылы ғана Созақ ауданы өз ауыл шаруашылық әлеуетін толық іске асыра алады. Өйткені шегірткелер шөптесін және егістік өсімдіктерді жаппай жойып, бірнеше күн ішінде жүздеген гектар жерді жарамсыз етуі мүмкін.

Аудан әкімдігі мен тиісті ауыл шаруашылық басқармалары тарапынан бұл мәселе үнемі бақылауда. Болжам орталығы мамандары зиянкестердің таралу мүмкіндігі жоғары аумақтарда тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Бұл жағдай жергілікті шаруалар үшін ғана емес, өңірдегі жалпы аграрлық өндірістің сақталуы мен дамуына үлес қосады.

Ауданның агроөнеркәсіп кешені жыл сайын әртараптанып, жаңа технологияларды енгізу арқылы алға жылжуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруашылықтарға субсидия беру, техникамен қамтамасыз ету және ғылыми кеңес беру жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Бірақ кез келген даму экологиялық және биологиялық тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Сондықтан зиянкестермен күрес – ауыл шаруашылығының ажырамас бөлігі болып қала береді.

Ауданындағы шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізілген жүйелі және жедел шаралар — ауыл шаруашылығын қорғаудың тиімді моделі. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, аудан экономикасының аграрлық секторы тұрақты дамуға бет алуда. Шаруашылықтың өркендеуі — қорғалатын жерден, ал қорғалатын жер — жүйелі бақылаудан басталады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*