СУ ҮНЕМДЕП, ӨНІМДІЛІК АРТЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Созақ ауданында ауыл шаруашылығы бағытындағы жаңашыл қадамдар жүйелі түрде іске асып келеді. Соның нақты дәлелі – Құмкент ауылдық округіндегі «Жанболат» шаруа қожалығының тәжірибесі. Шаруа қожалықтың төрағасы Жанболат Әдишов ауылдағы агросалаға жаңа технологияны енгізіп, 15 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен егін егіп отыр. Оның 10 гектарына жоңышқа, 5 гектарына бақша дақылдары орналастырылған.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков БАҚ өкілдерімен бірге қожалық жұмысымен арнайы танысып, жаңбырлатып суару жүйесінің тиімділігіне көз жеткізді. Заманауи қондырғының көмегімен шаруа су шығынын бірнеше есеге үнемдеп, жердің өнімділігін арттыруда. Бұған дейін шаруалар суды ашық арықпен тасыса, енді автоматтандырылған жүйе арқылы ылғал теңдей бөлініп, егіс көлемін кеңейтуге мүмкіндік туып отыр.

2025 жылдың алғашқы жартысында Созақ ауданында 197 гектардан астам жерге су үнемдеу технологиясы енгізілген болса, оның басым көпшілігі – жаңбырлатып суару үлгісінде. Бұл өз кезегінде климаттың құрғақ, жауын-шашын аз болатын өңір үшін өте маңызды әрі пайдалы шешім. Әсіресе, жас кәсіпкерлер мен шағын шаруашылық иелері осындай үлгіден үйреніп, өз ісін дамытуға құлық танытып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың маңызын бірнеше мәрте атап өткен болатын. Президент:

– Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік береді. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек. Кооперация болмаса, агроөнеркәсіптің қарқынды дамуы мүмкін емес, – деген болатын.

Шын мәнінде, ауылдағы шағын шаруашылықтардың басын біріктіріп, жергілікті жерде азық-түлік өндіру мен өңдеуді қолға алу – ауыл экономикасын көтерудің нақты жолы. Созақ ауданында да осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. «Жанболат» қожалығының бастамасы сол кооперация мүмкіндіктеріне бастар жолдың бірі ретінде бағаланып отыр.

Алайда ауыл шаруашылығы саласында шешілмей жатқан түйткілдер де жоқ емес. Қазір ауыл тұрғындары жүн, тері сынды шикізатты өткізе алмай дал. Өңдеу кәсіпорындарының тапшылығы – маңызды мәселе. Егер жүн мен тері өңдейтін, сүт және ет өнімін қайта өңдейтін шағын зауыттар іске қосылса, тек табыс артып қоймай, жұмыс орындары да көбейетіні анық.

Сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамыту – уақыт күттірмейтін мәселе. Ауыз су, сапасыз жол, апатты жағдайдағы мектептер мен дәрігерлік пункттердің жетіспеушілігі – ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етуде. Мемлекет бұл бағыттағы жұмыстарды үнемі назарда ұстап отыр. Соңғы жылдары әлеуметтік нысандардың құрылысына, жобалық-сметалық құжаттарға, жол мен су жүйесіне облыстық және республикалық деңгейде қомақты қаржы бөлініп келеді.

Дегенмен, ауылдағы кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетуге де басымдық беру керек. Көптеген азамат өз ісін бастау үшін ұзақ рәсімдер мен құжат жинауға мәжбүр. Ал кепілзат мәселесі несие алуға үлкен кедергі болып отыр. Жеңілдетілген несие, гранттық қолдау тетіктері неғұрлым тиімді әрі қолжетімді болса, ауылдағы шаруалардың әлеуеті әлдеқайда жоғары болар еді.

Қорыта айтқанда, Созақ ауданындағы «Жанболат» секілді жаңашыл қожалықтар ауыл шаруашылығын дамытуда нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Су үнемдеу технологиясын енгізу, заманауи әдіспен еңбек ету, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – ауылды дамытудың негізгі жолы. Ендігі міндет – осындай үлгілі шаруашылықтар санын көбейтіп, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін әділ бағалап, олардың кәсібін жүйелі түрде қолдау.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*