СОЗАҚ: АУДАННЫҢ НЕГІЗГІ ДАМУ КӨЗДЕРІНІҢ БІРЕГЕЙІ — АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір тұрғындарымен тұрақты кездесулері жалғасуда. Облыс басшысының кезекті жұмыс сапары Созақ ауданында өтті. Жүздесу барысында аудан халқының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген түйткілдерге қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Кездесуде өңір басшысы алдымен Созақтың өндірістік және табиғи ресурстарға бай екенін атап өтті. Атап айтқанда, Қаратау баурайындағы уран кен орындары ел көлеміндегі ірі өнеркәсіптік нысандар қатарында. Алайда, Нұралхан Көшеров аудандағы негізгі даму көзі ретінде ауыл шаруашылығы саласын да ерекше атады. Өйткені аграрлық сала – өңір халқының басым бөлігінің күнкөріс көзі.

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілгенімен, жоспар толық орындалмай отырған ауылдар да бар. Бұл ретте, облыс әкімі жергілікті ауыл әкімдеріне нақты тапсырма жүктеп, техникалық жабдықтау мен субсидияға құжат тапсыру жұмыстарын жүйелеу керектігін баса айтты. «Ауыл шаруашылығы – ауданның экономикалық тұрақтылығының негізі. Бұл саладағы кемшіліктерді жою – стратегиялық міндет», – деді өңір басшысы.

Өткен жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 15,3 пайызға өссе, өнеркәсіптік өнім көлемі 15,8 пайызға артқан. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында да оң нәтижелер бар. Өткен  жылы ауданға тартылған инвестиция көлемі 240,4 млрд теңгені құрады. Бұл – бизнеске, әсіресе ауыл шаруашылығы бағытындағы өндірістерге қолдау артқанын білдіреді.

Кездесуде ауылды көркейту мен жастарды қолдау шаралары да айтылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биыл 25 маманға 9,8 млн теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы, ал 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 76,6 млн теңге қаржы бөлу жоспарланған. Мұндай шаралар ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

Тазалық пен көгалдандыру да өңір басшысының назарында. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бір реттік шара емес, жыл бойы жалғасатын кешенді бастама ретінде жүзеге асады. Аудан әкімдігімен бірлесе отырып, елді мекендерді көгалдандыру, ағаш егу, қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүреді.

Мәжілісте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Атап айтқанда, «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы аясында Жартытөбе ауылдық округі жүлделі 3-орынды иеленіп, ауылда street workout алаңының құрылысы басталған. Бұл нысан да мамыр айында пайдалануға берілмек.

Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың мәселелерін мұқият тыңдады. Көтерілген өтініштер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді. Қабылдауға жазылу «еOtinish» бірыңғай жүйесі және «Ашық әкімдік» кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

Облыс әкімінің өңірлерді аралау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, әр аудан мен қалада тұрғындармен тікелей байланыс орнату көзделуде.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*