СОЗАҚ: АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА КІТАПХАНА БАРЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ БОЛМАҚ

Созақ ауданының орталығы – Шолаққорғанда соңғы жылдары көгалдандыру, абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жобалар жүйелі түрде іске асып келеді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің жетекшілігімен қолға алынған әрбір бастама ауылдың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Аудан басшысы жақында Шолаққорған ауылы аумағындағы бірқатар жобалардың орындалу барысымен танысып, жергілікті жердегі көгалдандыру жұмыстары мен жер пайдалануға қатысты мәселелерді назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Әсіресе, Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына ерекше мән берілді. Бұл аймақ – ауданның тынысын ашатын, келешекте экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқаратын жасыл кеңістікке айналуы тиіс.

Аталған аумақта егілген ағаш көшеттерінің қазіргі жағдайымен танысқан Мұхит Сексенбайұлы өнімділікті арттыру, тамшылатып суару жүйесін тиімді қолдану және топырақ құнарын сақтау бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, егілген жер телімдерінің құжаттық рәсімделуі, тиісті мекемелердің теңгеріміне өткізілуі және заң аясында тіркеу мәселелерінің реттелуі – аудан үшін маңызды бағыт екені айтылды. Жерді тиімді әрі заңды пайдалану – көгалдандыру жұмыстарының тұрақтылығына тікелей әсер ететіні сөзсіз.

Орталық маңызы бар С. Қожанов пен Жібек жолы көшелеріндегі жөндеу жұмыстары да аудан әкімінің бақылауында. Мұнда жүргіншілер жолы жаңартылып, жасыл желек егілетін алаңдар қарастырылған. Ауылдың ішкі келбетін көркейту бағытындағы бұл бастамалар тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосады.

Шымкент бағытынан кіреберіс Ерімбетов көшесінде де жаңадан төселген аяқжол сапасына баса назар аударылды. Қоғамдық кеңістіктер мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтардың жайлы әрі қауіпсіз болуы – аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі.

Сонымен қатар, аудан орталығында заманауи үлгіде салынатын жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Бұл нысан – тек білім мен мәдениет орталығы ғана емес, ауылдың сәулеттік бейнесін жаңғыртатын маңызды жоба. Кітапхана заманауи ақпараттық ресурстармен жабдықталып, оқырмандарға барлық жағдай жасалмақ. Балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер, оқу залдары, көгалдандырылған аула мен жарықтандыру жүйелері де жобада қамтылған. Ғимарат құрылысы климаттық және сейсмикалық ерекшеліктер ескеріліп жасалған. Кітапхана аумағындағы автотұрақ, жасыл желек және демалыс аймақтары халыққа жайлы орта қалыптастырады.

Құрылыс нысанына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жауапты мамандарға сапа мен мерзімділік мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Аудан басшысы атап өткендей, «Әрбір жобаның арты — халықтың сенімі. Сол сенімді ақтау – басты міндетіміз».

Осындай жан-жақты қолға алынған жұмыстар – ауданның дамуына серпін беріп қана қоймай, болашақ ұрпаққа көркейген, жайлы, жасыл ортаны мұра етуге бағытталған игі қадамдар.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*