СОЗАҚ АУДАНЫ: ШУ АУЫЛЫН АБАТТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбековтің Шу ауылдық округі тұрғындарымен кездесуі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Кездесу барысында округте атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен таныстырылып, аудан көлемінде іске асырылып жатқан ауқымды жобаларға да жеке-жеке тоқталынды.

Биылғы жылы Шу ауылдық округінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Соның ішінде, ауылға қатты-тұрмыстық қалдықтарға арналған арнайы полигон мен ұсақ малдарды тоғытуға арналған нысан салынады. Бұл екі жоба да ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға және ветеринариялық қауіпсіздікті арттыруға сеп болады. Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін мал тоғытатын бекет – мал арасындағы аурулардың алдын алу мен мал денсаулығын бақылауда ұстаудың тиімді тетігі саналады.

Инфрақұрылымдық жобалар қатарында ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу және абаттандыру жұмыстары да бар. Атап айтқанда, Абай және Салкауов көшелері асфальтталып, Мұқанов, Иманов және Сатбаев көшелеріне қиыршық тас төселіп, жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар ауыл ішіндегі қозғалысқа қолайлы жағдай жасап, көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, ауылдың келбетін жақсарту бағытында көше атауы тақтайшалары жаңартылып, электр бағандары сәндік жарықпен безендіріледі. Бұл тек ауылдың эстетикалық бейнесін арттырып қана қоймай, кешкі уақытта тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына да мүмкіндік береді.

Жастар мен балалар үшін спорттық инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Жабық үлгідегі шағын футбол алаңы салынып, бұған дейінгі кіші футбол алаңы жөндеуден өтеді. Бұл – ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге және салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасайтын маңызды нысандардың бірі. Сондай-ақ ауылдың кіреберісіне арка орнатылып, бұл жер ауылдың символдық қақпасына айналмақ. Орталық саябақ та қайта абаттандырылып, ауыл тұрғындарының тынығуына арналған тартымды демалыс орны болмақ.

Кездесу барысында ауыл қариялары мен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алғыстарын жеткізді. Олар ауылдың көркейіп, жаңарып жатқанын қуана қабылдады. Сонымен қатар, бірқатар тұрғындар электр қуатының сапасына қатысты өз өтініш-тілектерін жеткізіп, жүйелі түрде жарық өшіп қалатыны туралы мәселе көтерді. Аудан әкімі бұл мәселені назарға алып, тиісті сала басшыларына электр желілерін жаңарту және кернеу тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Шу ауылдық округі – ауыл шаруашылығы бағытында әлеуеті зор өңір. Мал және егін шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың кәсібін кеңейтуге мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен қарастырылып келеді. Кездесу барысында осы салаға қатысты да бірқатар сұрақтар қойылып, субсидия, жер қатынастары және техникамен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы нақты жоспарлар мен қаржылай қолдаулардың жалғасатынын айтты.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, бірқатар мәслихат депутаттары мен бөлім, мекеме басшылары қатысты. Бұл кездесу – билік пен халық арасындағы сенімді диалогтың, ауылды дамыту жолындағы бірлескен жұмыстың жарқын көрінісі болды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*